Референдум-2026

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады

Бүгін, 19:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады
Фото: Ақорда

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Президентке аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді, хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Нариман Төреғалиев өңірлік жалпы өнім көлемі үш жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 2026 жылдың 1 қаңтарында 5 триллион теңгеге жеткенін айтты.

Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі 874,5 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға өсті.

Сондай-ақ, бұған дейінгі тапсырмалардың орындалуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Оның мәліметінше, жуырда Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысы басталады. Инвестициялық жоба құны – 1,7 триллион теңге.

Сондай-ақ жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Президентке соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 миллиард теңге болатын 121 жаңа әлеуметтік нысан салынғаны туралы баяндады.

1542 шақырым автокөлік жолдары жөндеуден өтті. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекеті қайта жаңғыртылып жатыр. Келесі жылы «Тасқала» бекетінде дәл осындай жоба басталады.

Бұдан бөлек, жаңадан салынған және жаңғыртылған төрт теміржол вокзалы ел игілігіне берілді.

Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 миллиард теңгеге жетті.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынғаннан бері 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

«Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында мыңнан астам адам ауылға қоныс аударды. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтылып, оларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Мемлекет басшысы өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қабылдағаны туралы жаздық.