Мегаполистегі жалғыздық: урбанист Астананың әлеуметтік келбетін талдады

Мегаполистегі жалғыздық: урбанист Астананың әлеуметтік келбетін талдады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Неліктен үлкен қалада адамдар өзін жалғыз сезінеді? Қоғамдық кеңістіктер тұрғындарды жақындастыра ала ма? Астана тұрғындарының өмір сапасына қалалық орта қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарға урбанист Тұрсын Жиенбаева Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Фото: Сұлтан Сейіт

– Тұрсын Жоналықызы, Астана сияқты мегаполисте адамдардың өзін жалғыз сезінуі қала құрылымымен қаншалықты байланысты?

– Менің ойымша, бұл байланыс өте жоғары. Астана – өте жылдам өсіп жатқан қала. Халық саны тұрақты түрде артып, жаңа тұрғын аудандар мен ірі тұрғын үй кешендері қарқынды салынып жатыр. Бірақ физикалық инфрақұрылым қаншалықты тез дамыса да, әлеуметтік байланыстар мен жергілікті қауымдастықтардың қалыптасуы әлдеқайда ұзақ уақытты қажет етеді. Сондықтан адам ірі мегаполисте өмір сүріп жүрсе де, өзін әлеуметтік тұрғыдан оқшауланған сезінуі мүмкін.

Мұндағы тағы бір маңызды фактор – қаланың масштабы. Кең даңғылдар, үлкен қашықтықтар және функционалдық аймақтардың бөлінуі адамдардың күнделікті жүздесу жиілігін төмендетеді. Ал әлемдік зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік байланыстар көбіне үйден жаяу жетуге болатын шағын радиуста қалыптасады.

Сондықтан қазіргі урбанистикада 15 минуттық қала қағидаты кеңінен қолданылады. Оның мәні – адамның негізгі қызметтері, демалыс орындары және қоғамдық кеңістіктері үйінен жаяу қолжетімді қашықтықта болуы. Мұндай орта әлеуметтік байланыстардың табиғи қалыптасуына мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, жалғыздық тек жеке мәселе емес, ол қалалық ортаның сапасын көрсететін көрсеткіш.

– Қазіргі Астанада қоғамдық кеңістіктер адамдарды біріктіру функциясын қаншалықты атқарып отыр?

– Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Қаланың саябақтары, Есіл жағалауы, бульварлар, скверлер мен жаяу серуендеу аймақтары тұрғындардың бос уақыт өткізетін, демалатын және бір-бірімен кездесетін орындарына айналып келеді. Бұл қаладағы әлеуметтік өмірдің жандануына ықпал етіп жатыр.

Дегенмен урбанистикада қоғамдық кеңістік тек эстетикалық немесе демалыс орны ғана емес. Оның негізгі функциясы – адамдарды бір кеңістікке жинап, олардың кездесуіне, сөйлесуіне, араласуына және ортақ тәжірибе қалыптастыруына жағдай жасау.

Ян Гейлдің зерттеулерінде қоғамдық кеңістік қаншалықты адамға бағытталған болса, қаладағы әлеуметтік байланыс соншалықты күшейетіні көрсетіледі. Яғни мәселе кеңістіктің көлемінде емес, оның күнделікті өмірге кірігуінде.

Астанада қоғамдық кеңістіктердің саны артып келеді, бірақ қаланың өсу қарқыны өте жоғары. Жаңа тұрғын аудандар, ірі тұрғын үй кешендері және жаңа шағын аудандар тез пайда болып жатыр. Мұндай жағдайда инфрақұрылым да, қоғамдық кеңістіктер де қаланың кеңеюімен қатар жүріп отыруы керек.

Бұл жерде маңызды нәрсе – қоғамдық кеңістіктердің тек орталықта емес, әр аудан деңгейінде дамуы. Өйткені үлкен орталық саябаққа адамдар анда-санда барады, ал үйдің жанындағы шағын сквер, жаяу аймақ немесе көршілік алаң – күнделікті әлеуметтік өмірдің бөлігі.

Сондықтан қоғамдық кеңістік тек демалыс емес, ол адамдардың кездесуіне, танысуына, қарым-қатынас орнатуына және қалалық қауымдастықтың қалыптасуына тікелей әсер ететін әлеуметтік инфрақұрылым.

– Қала әлеуметтік орта ретінде қарастырылғанда, Астана тұрғындарының эмоционалдық күйіне қандай әсер береді?

– Қала адамның эмоционалдық жағдайына тікелей әсер етеді. Қазіргі урбанистикада бұл – ғылыми түрде дәлелденген бағыттардың бірі. Мысалы, Чарльз Монтгомеридің «Бақытты қала» еңбегінде қаланың құрылымы адамның бақыт деңгейіне, әлеуметтік байланыстарына және күйзеліс деңгейіне тікелей әсер ететіні айтылады. Ян Гейл де адамға ыңғайлы орта әлеуметтік өмірді күшейтетінін дәлелдейді.

Бір жағынан Астана адамдарға тұрақтылық, қауіпсіздік және даму сезімін береді. Кең көшелер, жаңа архитектура және елорда болғандықтан, қаланы мүмкіндік қаласы ретінде қалыптастырды.

Екінші жағынан, қарқынды дамып жатқан кез келген мегаполис сияқты Астанада да қалалық күйзеліс факторлары бар: үлкен қашықтықтар, уақыт тапшылығы және көлік жүктемесі. Бұл адамның күнделікті шаршауын арттыруы мүмкін.

Көлік факторы ерекше маңызды. Кептелісте өткен уақыт тек уақыт шығыны емес, ол адамның психологиялық күйіне тікелей әсер етеді. Уақыт жолға көп кеткен сайын демалысқа, отбасыға және әлеуметтік өмірге аз уақыт қалады.

Сондықтан қалалық деңгейде жеке автокөлікке тәуелділікті азайту, қоғамдық көлікті дамыту және жаяу жүргінші инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тағы бір маңызды фактор – жасыл орта. Жасыл аймақтар адамның күйзеліс деңгейін төмендетіп, психологиялық қалпына келуге көмектеседі. Сондықтан көгалдандыру – тек экология емес, өмір сапасының бір бөлігі.

– Астанаға басқа өңірлерден көшіп келетін адамдардың әлеуметтік орта табуы неге кейде қиын болады?

– Астана – еліміздің барлық өңірінен адамдарды тартатын қала. Мұнда адамдар оқу, жұмыс және даму мүмкіндіктері үшін келеді. Алайда әлеуметтік орта қалыптастыру тек жаңа қалаға көшу емес. Бұл – уақытты қажет ететін процесс.

Біріншіден, адамдардың бұрынғы әлеуметтік байланыстары өз өңірінде қалады, ал жаңа орта қайтадан қалыптасуы керек.

Екіншіден, мегаполисте тұрғындардың басым бөлігі – өзге өңірлерден келген адамдар. Бұл ашық орта қалыптастырғанымен, тұрақты көршілік байланыстардың орнығуына уақыт қажет.

Үшіншіден, қаланың кең аумағы күнделікті қарым-қатынасты күрделендіреді: жұмыс, үй және әлеуметтік орта әртүрлі аудандарда орналасады.

Сондықтан жаңа тұрғындардың бейімделуінде қоғамдық кеңістіктер, мәдени орталықтар, спорт алаңдары, кітапханалар және аудандық қауымдастықтар маңызды рөл атқарады. Бұл элементтер адамдардың тезірек орта табуына көмектеседі.

– Астана адамдарды жақындататын қала ма, әлде алыстататын қала ма?

– Менің ойымша, Астана – адамдарды жақындататын әлеуеті жоғары қала.

Бір жағынан, мұнда елдің түкпір-түкпірінен келген белсенді, білімді және жаңа мүмкіндіктерге ашық адамдар шоғырланған. Бұл жаңа таныстықтардың пайда болуына жағдай жасайды.

Екінші жағынан, қала құрылымы кейде арақашықтықты ұлғайтады: үлкен аумақ, ұзақ жол және уақыт шығыны адамдардың жиі кездесуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Сондықтан мәселе қаланың адамдарды жақындатуы немесе алыстатуында емес, оның қалай жоспарланғанында. Егер күнделікті қызметтер жақын болса, қоғамдық көлік тиімді болса, жаяу инфрақұрылым дамыса және қоғамдық кеңістіктер көп болса, қала табиғи түрде адамдарды жақындастырады.

Астанада осы бағыттағы бастамалар жүзеге асырылып жатыр: полицентрлік құрылым, қоғамдық кеңістіктерді көбейту, көгалдандыру және көлік жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі урбанистикада қаланың сапасы оның ғимараттарымен емес, адамның өмір сапасымен өлшенеді. Қала тек инфрақұрылым емес, ол адамдардың әлеуметтік, эмоционалдық және мәдени өмірі қалыптасатын орта.

Астана қарқынды дамып жатқан мегаполис ретінде үлкен трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту, көгалдандыру, көлік жүйесін жетілдіру және полицентрлік жоспарлау – осының барлығы қаланы тек әкімшілік орталық емес, адамға бағытталған өмір сүру ортасына айналдыруға бағытталған.

Болашақта қаланың басты мақсаты – адамдар тек өмір сүретін емес, бір-бірімен байланыс орнататын, демалатын және өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезінетін орта қалыптастыру.

– Сұхбатыңызға рақмет!