Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар аса маңызды бірқатар заң жобасын талқыға салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Медицина қызметкерлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін әзірленген депутаттардың түзетулері қаралады.
«ҚР Қылмыстық кодексіне және ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісінің қарауына 21 қарашада түскен еді. Сол кезде депутат Асхат Аймағамбетов бұл маңызды заң жобасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қорғау үшін әзірленгенін айтқан болатын.
"Медицина өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны айтарлықтай қатаңдату жөніндегі нақты нормаларды ұсындық. Соңғы жылдары мұндай жағдайлар көбейіп барады. Бір дәрігер жұмыс орнында соққыға жығылса, тағы бірі жедел жәрдем шақырған үйден қорлық көрді. Осындай көріністерге жол беруге болмайды, — деді ол.