Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін алып келді

Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін алып келді
Фото: Ақорда

ҚазақстанИран Президенттері Ақордадағы келіссөз барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын жандандыру мәселесін қозғады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қадам қос халықтың тарихи байланысының терең екенін дәлелдей түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар екі елдің рухани құндылықтарын кеңінен таныстыру үшін алдағы жылдары Мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранға жалпы құны кемінде 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын екенін айтқанын жаздық.