ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау: 15 шілдеден бастап норматив тапсыру басталады
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны толықтай цифрлық форматта өтіп жатыр. 15 шілдеден бастап талапкерлер дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру кезеңіне кіріседі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, биыл қабылдау алғаш рет Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Құжаттарды қабылдау, әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындылары және негізгі іріктеу кезеңдері цифрлық форматқа көшірілген.
ІІМ Жеке құраммен жұмыс департаменті басқармасының бастығы Сенбек Иманғалидың айтуынша, бұл өзгеріс қабылдау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«15 шілдеден бастап келесі кезең – дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру басталады. Нормативтер жоғары оқу орындарында емес, талапкерлердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция департаменттерінде қабылданады. Бұл ең алдымен талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін жасалып отыр», – деді ол.
Оның сөзінше, барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналар нормативтердің өту барысын тікелей бақылауына мүмкіндік беріледі.
Нормативтер аяқталғаннан кейін әрбір талапкердің құжаттары тиісті жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жолданады. Комиссия ҰБТ нәтижелерін, жеңілдіктердің негізділігін және басқа да құжаттарды зерделеп, шешімді тек конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылдайды. Қажет болған жағдайда талапкер бейнебайланыс арқылы әңгімелесуге шақырылуы мүмкін. Бұл процесс те толықтай жазылып отырады.
Биыл ІІМ жоғары оқу орындарына бөлінген 1250 грантқа төрт мыңға жуық талапкер үміткер.
Сенбек Иманғали талапкерлер мен олардың ата-аналарын алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.
«Оқуға түсіруге көмектесемін, процесті жеделдетемін немесе мәселені шешіп беремін деп ақша сұрайтын адамдарға сенбеңіздер. Қабылдау науқанындағы барлық негізгі шешімдер цифрлық жүйе арқылы қабылданады, әр кезең тіркеліп отырады», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 13 шілде күні білім гранттарына өтініш қабылдау басталғанын жазғанбыз.