ІІМ азаматтармен онлайн байланыс орнатып, әлеуметтік желілер арқылы 778 өтініш қабылдады
«Біз қасыңдамыз. Бізден сұраңыз» ақпараттық акциясы аясында полиция қызметкерлері азаматтармен онлайн форматта тікелей байланыс орнатуды қамтамасыз етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Акцияның негізгі мақсаты – халықпен жедел кері байланысты қамтамасыз ету, келіп түскен сұрақтарды қарау және қажет болған жағдайда өтініштерді құзыреті бойынша тиісті қызметтер мен ұйымдарға жолдау болды.
Көрсетілген кезеңде азаматтардан 778 өтініш келіп түсті, оның ішінде 334 өтініш Threads платформасы арқылы жолданған.
Қарау нәтижелері бойынша 66 өтініш қажетті көмек көрсету үшін Отбасын қолдау орталықтарына жолданды.
Өзара іс-қимыл барысында мазмұны мен күрделілігі әртүрлі өтініштер келіп түсті. Олардың бір бөлігі жедел ден қоюды, ал енді бір бөлігі қосымша зерделеуді және басқа да мемлекеттік және әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимылды талап етті.
«Отбасында жасалған зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты өтініштерге ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайларда азаматтарға тек ақпарат беріп қана қоймай, нақты шаралар қабылдау қажет болды. ІІМ азаматтармен өзара іс-қимыл форматтарын одан әрі жетілдіріп, ден қою жеделдігін арттыруды жалғастырады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық ұдайы қадағаланатыны туралы жаздық.