Футболдан жасөспірімдер арасындағы Astana Cup турнирі мәресіне жетті

Футболдан жасөспірімдер арасындағы Astana Cup турнирі мәресіне жетті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада 2016 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасындағы футболдан дәстүрлі V халықаралық Astana Cup турнирі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

24-28 наурыз аралығында AirArena спорт кешенінде ұйымдастырылған бәсекеде 12 команда бас жүлдеге таласты. Олардың арасында Ресейден «Чертаново», Өзбекстаннан «Пахтакор», Қырғызстаннан «Абдыш-Ата» және еліміздің үздіктері саналатын «Қайрат», «Астана», «Жеңіс» сынды клубтың тәрбиеленушілері де болды.

«10 жасқа дейінгі санатты таңдауымыздың себебі – олар дәл осы жасында үлкен футболдағы алғашқы қадамын бастайды. 10 жастағы баланың шеберлігін шыңдау, тактиканы түсіну үшін жарыстың ықпалы зор. Оның үстіне бұған дейінгі турнирлерде Ресейдің командасы 3 мәрте және «Пахтакор» (Өзбекстан) клубы чемпион атанды. Олардан да үйренер тұстарымыз көп», - деді «№8 балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Еркебұлан Жомартұлы.

Төрт күнге жалғасқан жарыстың нәтижесінде жар­тылай финалға «№8 балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі», «Пах­такор», «Чертаново» және алматылық «Қайрат» командалары жолдама алды.

Жартылай финалда мәскеулік «Чертаново» чемпион саналған «Пахтакорды» 3:0 есебімен жеңді. Ал екінші ойында жарыс қожайындары «№8 балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» алматылық «Қайраттан» 1:0 есебімен басым түсті.

Шешуші кездесуде «Чертаново» астаналық ұжымға еш мүмкіндік қалдырмай, 4:0 есебімен ұтты. Үздік үштікті «Пахтакор» (Өзбекстан) түйіндеді.

AstanaCup турнирі елордада 2024 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Айта кетейік, Қазақстанда 10-11 жас санатында бірнеше турнир өткенімен, халықаралық деңгейде тек Astana Cup додасы ғана ұйымдастырылады.

«Бірінші кезекте аладоп аламанының елордалық өрендерге пайдасы орасан. Ресми «Жеңіс» клубынан бөлек, жекеменшік футбол орталықтары AstanaCup» бәсекесін асыға күтеді. Өйткені бапкерлер шетелдіктермен қарым-қатынасын нығайтады. Ал Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан елдері өз кезегінде Қазақстанның академияларымен тәжірибе алмасуға мүдделі», - деп «№8 балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Еркебұлан Жомартұлы өз ойын түйіндеді.

Енді келесі жарыс 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.