Фотосуретті 3D модельге айналдыратын Telegram-бот іске қосылды

Фотосуретті 3D модельге айналдыратын Telegram-бот іске қосылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті жанындағы DigitalEgiz зертханасы кез келген фотосуретті бірнеше минут ішінде 3D модельге айналдыратын бірегей Telegram-ботты іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жаңа құрал алғашқыда зертхана командасының өз инженерлік міндеттерін жеделдету, атап айтқанда күрделі «цифрлық егіздер» жобаларына қажетті нысандарды жылдам дайындау мақсатында жасалған. Алайда жүйенің сәтті бапталғанына көз жеткізген мамандар бұл мүмкіндікті студенттер мен оқытушылардың оқу-тәжірибелік жұмыстарына көмекші ретінде тегін қолданысқа беруді ұйғарды.

Шешім NVIDIA GB10 Grace Blackwell чипімен жабдықталған ASUS Ascent GX10 есептеу қуаттарында жүзеге асырылды. Пайдалану барысында бір ғана сурет арқылы нысанның көлемін анықтап, оның пішінін толық құрастырып шығады. Қазіргі уақытта @img_2_3d_bot арқылы қолжетімді сервис оқу материалдарын визуализациялауға, презентацияларға арналған 3D үлгілерді жасауға және жаңа жобалардың алғашқы макеттерін дайындауға өте тиімді.

Жоба жетекшісі, ассистент-профессор Гүлшат Әмірханованың айтуынша, бағдарламаны ішкі сынақтан өткізгеннен кейін оны пәнаралық жобаларға, яғни IT мамандарынан бөлек, инженерлер, медиа мамандары мен жаратылыстану бағытындағы зерттеушілер үшін де пайдалы құрал ретінде ұсыну туралы шешім қабылданған.

Дегенмен бот әзірге тестілік режимде жұмыс істейтіндіктен, нәтиженің сапасы жіберілген суреттің анықтығына, жарығына және фонының тазалығына тікелей байланысты екенін ескерген жөн. Сондай-ақ жүйе нысандарды көрнекі түрде бейнелеуге арналғандықтан, фото бойынша ғылыми дәлдіктегі өлшемдерді талап ететін реконструкциялар үшін қолданылмайды.

DigitalEgiz командасы пайдаланушылардың кері байланысы негізінде сервисті жетілдіруді жалғастырады, сондықтан бұл бот алдағы уақытта университет студенттерінің жобалық жұмыстарында маңызды цифрлық құралға айналмақ.

Бұған дейін Қазынашылықта жасанды интеллект элементтері енгізілетінін жазған едік.