Фитосанитариялық мониторингтің геоақпараттық жүйесі жаңартылды
Фитосанитариялық мониторингтің геоақпараттық жүйесі жаңартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, енді мамандар зиянкестердің таралу ошақтарының цифрлық полигондарын белгілеу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта зерттеу жүргізетін мамандардың жұмысы толық цифрландырылуда. Алдағы кезеңде өңдеу жұмыстарының бизнес-процестерін цифрландыру қолға алынбақ.
«Зерттеу және өңдеу аймақтарында дрондарды белсенді қолдану жоспарланып отыр. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық ұйым – ФАО сарапшыларымен бірлесіп, зерттеу және өңдеу жұмыстарын цифрландыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және ФАО тарапынан қолдау тапты», – деді вице-министр.
Еске сала кетсек, фитосанитария инспекторлары Ресейден әкелінетін залалданған өнімнің жолын кесті.