Референдум-2026

Есірткі қаупінің алдын алу: елордада тұрғындар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді

Бүгін, 15:41
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Есірткі қаупінің алдын алу: елордада тұрғындар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыста қабылданып жатқан шаралармен қатар, жағдайды тұрақты талдау, қоғамдық пікірді зерделеу және тұрғындардың қолданыстағы қауіп-қатерлер туралы қаншалықты хабардар екенін түсіну маңызды. Осындай талдау құралдарының бірі — Астана қаласының Полиция департаменті мен қала әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы бірлесіп ұйымдастырған әлеуметтік сауалнама, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Бірнеше күн ішінде сауалнамаға елорданың 1000-нан астам тұрғыны қатысты. Олардың басым бөлігі 29 жасқа дейінгі және 30-45 жас аралығындағы азаматтар.

Қатысушылардан қаладағы есірткі деңгейін, оның соңғы үш жылдағы динамикасын, есірткі қолданатын адамдарға деген көзқарасын, есірткі қолдануға әкелетін негізгі себептерді, халықтың неғұрлым осал санаттарын, есірткіні таратудың ықтимал арналары мен оған қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын бағалау сұралды.

«Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 48%-ы елордадағы есірткі деңгейін төмен деп бағалаған, 42%-ы орташа, ал 10%-ы жоғары деп санайды», - делінген хабарламада.

Респонденттердің басым бөлігі — 78%-ы есірткі қолдануға теріс көзқараста. Тағы 12%-ы бейтарап ұстанымда болса, 8%-ы есірткіге тәуелді адамдарға жанашырлықпен қарайды.

Адамды есірткі қолдануға итермелеуі мүмкін негізгі себептердің ішінде тұрғындар ең алдымен қызығушылық пен әуестікке — 62% тоқталған. Сондай-ақ респонденттер бос уақыттың көптігін — 48%, ортаның ықпалын — 42%, проблемалардан қашуға ұмтылысты — 39% және күйзелісті басу ниетін — 35% атаған.

Бұл ретте сауалнамаға қатысушылардың 71%-ы ең осал санат ретінде жастарды атаған.

Тұрғындар есірткіні таратудың ықтимал арналарына да баға берді. 67%-ы әлеуметтік желіні, 54%-ы ойын-сауық орындарын, 49%-ы таныстар арқылы таратуды көрсеткен.

Есірткіге қарсы іс-қимыл шаралары туралы айта келе, респонденттердің 72%-ы жауапкершілікті күшейтіп, күрес шараларын арттыру қажет деп санайды. Тағы 15%-ы барлық мүмкін тәсілді кешенді түрде қолдануды қолдайды.

Құқық бұзушылық статистикасын ғана емес, тұрғындардың есірткі қаупін қалай қабылдайтынын, қандай факторларды ең қауіпті деп санайтынын және негізгі тәуекелдерді қай жерден көретінін түсіну маңызды. Мұндай зерттеулер профилактикалық жұмысты түзетуге және оны нақты мақсатты топтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Алынған нәтижелер алдағы профилактикалық жұмыстарды жоспарлау кезінде пайдаланылатын болады. Жастардың ақпараттық қауіпсіздігіне, интернет арқылы есірткіге тартылудың алдын алуға, жағымсыз ортаның ықпалына жол бермеуге, сондай-ақ азаматтардың есірткі қолданудың салдары туралы хабардарлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар профилактикалық жұмыс бір ғана әлеуметтік топпен шектелмейді. Оның мақсаты — халықтың барлық санатын қамту: балалар мен жастарды, ата-аналарды, педагогтерді, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін, қоғамдық және ойын-сауық орындарына келушілерді, сондай-ақ жалпы қала тұрғындарын.

Елорда полициясы есірткіге тәуелділіктің алдын алу және азаматтардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуына жол бермеу бағытындағы кешенді жұмысты жалғастырады.

Жағдайды талдау, қоғамдық пікірді зерделеу және тұрғындардың кері байланысы алдағы уақытта да осы жұмыстың маңызды бөлігі болып қала береді. Бұл профилактикалық шаралардың қоғамның нақты қауіп-қатері мен қажеттіліктеріне сай болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.