Ерлан Саиров елордалықтарды жаңа Конституцияны қолдауға шақырды
15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс беру өтеді. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров астаналықтарды сайлауға белсенді қатысып, әлеуметтік кепілдіктер мен ұлттық құндылықтарды нығайтатын Ата заңды қолдауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ерлан Саиров 15 наурыз – еліміздің болашағы үшін аса маңызды тарихи күн екендігін айтты.
«Бұл күні қазақстандықтар жаңа Конституцияға дауыс береді. Жаңа Ата заңда дәстүрлі мәдениет пен отбасы құндылықтары, жастардың болашағы, тегін білім алу мүмкіндігі, зейнетақының артуы және ең бастысы – азаматтардың ақысыз медициналық көмек алу құқығы нақты айқындалған», – деді ол.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Конституцияда ел тарихына ерекше мән берілгенін атап өтті.
«Ата заңда Қазақстанның мыңжылдық тарихы бар ғұн, түркі және Алтын Орда дәуірлерінің заңды мұрагері екені айқын көрсетілген. Сонымен қатар Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті басқаруды дамыту және жастардың бай, қуатты, Әділетті Қазақстанда өмір сүруіне жағдай жасау – басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген», – деді Е.Саиров.
Осы орайда ол барша астаналықтарды 15 наурыз күні сайлауға қатысып, елдің жарқын болашағы үшін жаңа Конституцияны қолдауға шақырды.