Ерлан Каналимов: Құрманғазының 10 күйі әлемдік музыкалық платформаларда жарияланды
«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов Ұлттық домбыра күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, ұлттық мұраны заманауи форматта дәріптеу бағытында қолға алынған жаңа жобаны таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ерлан Каналимов өз құттықтауында Ұлттық домбыра күні қазақтың төл өнері мен мәдени мұрасын ұлықтайтын маңызды мереке екенін атап өтті.
«Домбыра – халқымыздың тарихын, рухын, дүниетанымы мен ғасырлар бойы жалғасқан мәдени мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген қасиетті қазына», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, бүгінде ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны цифрлық форматта әлемге таныту да аса маңызды.
Осыған байланысты «Креативті индустрияларды дамыту қоры» жанынан құрылған Qazaq Creative Production лейблі Key Entertainment дистрибюциялық компаниясымен бірлесіп алғашқы музыкалық релизін ұсынды.
«Ұлттық домбыра күніне орай қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 10 күйі жаңа форматта қайта жазылып, бір альбомға жинақталып, әлемдік музыкалық платформаларда жарияланды. Бұл – қазақтың күй өнерін цифрлық кеңістік арқылы халықаралық аудиторияға танытуға бағытталған маңызды қадам», – деп жазды Ерлан Каналимов.
Ол алдағы уақытта Қор ұлттық мәдени мұраны сақтау, креативті индустрияларды дамыту және қазақ өнерін халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді.
Ерлан Каналимов қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның қоңыр үні әр шаңыраққа береке, бірлік пен рух сыйлай беруіне тілектестік білдірді.
Бұған дейін Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын жариялаған болатынбыз.