Мәулен Әшімбаев: Домбыра – қазақтың жаны, елдің үні, ұлттың рухы
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық домбыра күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, домбыраны ұлттық болмыс пен рухани мұраның символы деп атады. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, домбыра – халқымыздың тарихы мен тағдырын, ерлігі мен елдігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан баға жетпес құндылық.
«Домбыра – қазақтың жаны, елдің үні, ұлттың рухы. Сондықтан домбыра – музыкалық аспап қана емес, ұлттық кодымыздың, төл мәдениетіміз бен рухани болмысымыздың ажырамас бөлігі», – деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды дәріптеу Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды міндеттердің бірі екенін үнемі айтып келе жатқанын атап өтті.
«Ұлттық домбыра күні – төл өнерімізге деген құрметті арттыруға, асыл мұрамызды ұлықтауға және тарихи санамызды жаңғыртуға зор үлес қосатын мереке», – деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, мұндай игі бастамалар ел бірлігін нығайтып, мәдени сабақтастықтың жалғасуына ықпал етеді.
«Осындай игі бастамалар елдің ынтымағын нығайтып, мәдени сабақтастықты жалғастыруға қызмет етеді. Сондықтан бұл мерекенің маңызы алдағы уақытта да арта береді деп сенеміз», – деп түйіндеді ол.
Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық өнердің өркендеп, домбыраның қоңыр үні әрдайым күмбірлей беруіне тілектестік білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 5 шілде күні Астанада Домбыра күніне орай мультимедиалық шоу өтеді.