Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС базасында 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы ашылды. Жобаны іске асыру аясында Аустралиядан әуе рейсімен дорпер тұқымды 1 100 асыл тұқымды қойдың алғашқы партиясы жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«1 100 бас - бұл шалғай құрлықтан әкелінген малдың алғашқы легі ғана. Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Береке» бағдарламасымен кәсіпорын 4 300 бас шопан ата түлігін сатып алмақ», - делінген хабарламада.
Ереймендіктер дорпер қойының генетикалық әлеуеті мен жергілікті тұқымның төзімділігін ұштастыра отырып, уақ малдың басын 2029 жылы он мыңға жеткізбек. Ал басты меже - 100 мың басқа арналған бордақылау алаңын құру.
Ал шаруаларды қызықтырған дорпер қойының басты ерекшелігі – ет өнімділігінің жоғарылығы, тез салмақ қосуы және климатқа бейімділігінде болып отыр.