Елорданың Сарайшық ауданында тұрғындарға арналған жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Елорданың Сарайшық ауданында тұрғындарға арналған жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Фото: Ернұр Сағымбек

Астананың Сарайшық ауданында тұрғындардың демалуына және балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына арналған жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына және аудан тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Қоғамдық кеңістікті абаттандыру аясында 1 000 шаршы метр аумаққа тас төсемі төселіп, үш көлеңкелі демалыс орны орнатылған. Сонымен қатар футбол алаңы мен воркаут аймағы жабдықталып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Аумақта 15 саябақтық және 4 көшелік жарықтандыру бағаны орнатылған.

Көгалдандыру жұмысы да жүргізілуде. Жоба бойынша барлығы 200 ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 60 талы егілді.

Іс-шара барысында 13-15 жас аралығындағы балалар арасында футбол турнирі ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындар мен балаларға арналған концерт және ойын-сауық бағдарламасы өтіп, аниматорлар қатысты.

Ішкі саясат басқармасының бас маманы Мұхамет Ситпановтың айтуынша, шара барысында жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға да көңіл бөлінген.

«Сарайшық ауданында жаңа кеңістіктің ашылуына орай 13-15 жас аралығындағы балалардың арасында футбол турнирі өткізіліп жатыр. Турнир барысында Нашақорлыққа қарсы күрес басқармасының еріктілері және Сарайшық ауданының ТЖ қызметкерлері бағыттары бойынша профилактикалық түсіндіру жұмысын өткізді. Бұл демалыс орнында жаңа стандарттармен қамтылған спорттық жаттығу аймақтары мен тынығу орындары бар. Бұл жерде тұрғындар демала алады», – деді Мұхамет Ситпанов.

Іс-шарада қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Аманжол Қадырбеков ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптар түсіндірілгенін атап өтті.

«Бүгінгі кеңістіктің ашылуында біз балалардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды және терезеден құлаудың алдын алу бойынша ата-аналарға ескертпелер жасадық. Жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының 45 фактісі тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері әкімдікпен бірлесе отырып, 1 000-нан астам блокиратор орнаттық. Ата-аналарға ескертеріміз – балаларды қараусыз қалдырмай, терезенің алдына жиһаз қоймауды сұраймыз», – деді Аманжол Қадырбеков.

Жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуын аудан тұрғындары да қуанышпен қабылдаған. Қала тұрғыны Несібелі Тұрғанова бұл аумақта бұрын мұндай демалыс орны болмағанын айтты.

«Осы үйде тұрғаныма 9 жыл толды. Бұрын-соңды мұндай орталық болмады. Әкімдіктің арқасында осындай аллея абаттандырылып, демалыс орны ашылып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Жаңадан ашылған ойын орталықтарында спортқа бейім балалар еркін спортпен айналыса алады», – деді Несібелі Тұрғанова.

Сарайшық ауданы әкімдігінің ресми өкілі Әсемгүл Әбсадыққызының айтуынша, қоғамдық кеңістікті абаттандыру бір айға созылған.

«Бүгін Сарайшық ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Осы қоғамдық кеңістікті абаттандыру барысында 1 000 шаршы метрге жуық жаяу жол орнатылды. Сонымен қоса жарықшамдар орнатылды. Тұрғындарға барлық жайлы жағдай жасалды. Абаттандыруға бір ай уақыт кетті. Биыл біз 3 қоғамдық кеңістікті аштық. Бұл – соңғысы. Алдағы уақытта жоспарға сай жұмыс істейтін боламыз. Біздің қоғамдық кеңістіктің ашылуына робот ит Теміртөс қатысуда. Оның «Таза Қазақстан» деген киімі бар. Бұл жерде «Таза Қазақстанды» насихаттауға алып келдік. Сонымен қатар Тәртіпбек те бар. Ол «Заң мен тәртіп» қағидатын түсіндіру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деді ол.

Іс-шара «Астана – есірткісіз қала!» ұранымен өтіп, оның аясында жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.