Елордалық штаб мүшелері параспортшылармен жаңа Конституция жобасын талқылады

Елордалық штаб мүшелері параспортшылармен жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы қалалық филиалының мүшелері Паралимпиадалық жаттығу орталығында параспортшыларға жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спикерлер қатарында Астана қаласы бойынша коалиция штабының басшысы Ерлан Каналимов, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, тележүргізуші Санди Сұлтан, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов, «Қанаттылар» инклюзивті театрының негізін қалаушы Арнұр Ысқақов бар.

Кездесуде Бибігүл Жексенбай жаңа Конституция жобасының маңызына тоқталып, оның ел болашағы үшін стратегиялық қадам екенін атап өтті.

«Қазір қоғамда болашағымызды айқындайтын ең маңызды құжат талқыланып жатыр. Ол – Ата заңымыз. Бүгінгі таңда әлем қарқынды өзгеру үстінде. Технологиялық даму, цифрландыру үдерісі жедел бейімделуді талап етеді. Осындай жағдайда негізгі құжат Конституцияның заман талабына сай болуы қажет. Алға ұмтылуға кешікпей қадам жасау – аса маңызды. Дамыған елдер де өз Ата заңдарын уақыт талабына сай жетілдіріп келеді. Мәселен, Жапония, Германия, Норвегия секілді елдер Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыр. Қазақстан да ең басты құжатына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде.

Бұл бір күнде жүзеге асқан жоқ. Мен бес жыл бойы Мемлекет басшысы басқаратын Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары ретінде қызмет атқардым. Құрылтай отырыстарында айтылған ұлттық құндылықтар Ата заңға енгізілді. Жаңа Конституцияның преамбуласында ең басты құндылық ретінде адам және оның құқықтары айқындалған. XXI ғасырда ең үлкен байлық адам капиталы екені баса айтылды. Әсіресе инклюзивті мемлекет қағидаты бекітілді. Бұл тек инфрақұрылымдық қолжетімділікпен шектелмей, білім алу, зияткерлік және спорттық мүмкіндіктерді толық қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды қамтиды», - деді Бибігүл Жексенбай.

Сондай-ақ сенатор Ата заңға алғаш рет экология мәселесінің енгізілуі қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттыруға жасалған маңызды қадам екенін айтты.

«Экология енді тек науқандық шаралармен шектелмей, әр азаматтың қоршаған ортаға жауапкершілігін айқындайтын конституциялық нормаға айналып отыр. Сондықтан оң өзгерістер көп. Бастысы прогрессивті қоғам болып, XXI ғасырдың сұраныстарына жауап беретін мүмкіндіктер жасалған», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай.

Сондай-ақ сенатор жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтетінін айтып, жиынға келген азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.