Елордада қарды уақытылы тазаламаған 190-ға жуық субъект жауапкершілікке тартылды
Қаңтар–ақпан айлары аралығында қарды тиісті тазаламау фактілері бойынша 186 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жауапкершілікке тартылғандардың қатарында ПИК, МИК, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері (дәріханалар, жанармай құю бекеттері, дүкендер және басқа да нысандар) бар.
Мәселен, Қабанбай батыр даңғылы бойында орналасқан құрылыс ұйымдарының бірі тұрғын үй кешені жағынан қалалық аумаққа қарды заңсыз үйіп, құрылыс нысанына іргелес аумақты құрылыс қоқысы мен материалдарынан уақтылы тазартпаған. Осылайша, аумақтарды абаттандыру қағидалары бұзылды.
Аталған дерек бойынша ЖШС өкіліне қатысты әкімшілік жаза шаралары қолданылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру барысында Астана қаласында аумақтарды абаттандыру және санитарлық күтіп-ұстау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Абаттандыру ұғымына қарды уақтылы тазалау, қарды арнайы белгіленбеген орындарға төкпеу және іргелес аумақтарды қоқыс пен құрылыс материалдарынан тазарту, сондай-ақ объектілерді күтіп-ұстаудың белгіленген қағидаларын сақтау кіреді», делінген хабарламада.
Департаменттің мәлімдеуінше, уақтылы шығарылмаған қар жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысын қиындатады, көрінуді шектейді, апатты жағдайлардың туындауына себеп болады және коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада қоқыс пен қарды заңсыз төккендер жауапқа тартылған хабарладық.