Елордада қайыршылық жасау фактілерінің алдын алу мақсатында рейд ұйымдастырылды
Астана қаласының «Сарайшық» ауданы аумағында қайыршылық жасау фактілерінің алдын алу, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды анықтау және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында жедел-профилактикалық рейд өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Рейдке Полиция басқармасының қызметкерлері, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері қатысты.
«Сарыайшық» ауданы аумағында қайыр сұраушылық фактілерінің алдын алу мақсатында бүгін Хазірет Сұлтан мешіті аумағында рейд ұйымдастырып отырмыз. Іс-шара барысында қайыр сұраумен айналысатын азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қоғамдық орындарда болу жағдайлары анықталады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылданып, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға қажетті қолдау көрсетіледі. Бұған қоса мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан жұмысқа орналасу және оқыту мәселелері бойынша консультациялар беріліп, жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылады», - дейді «Сарайшық» ауданы әкімдігі Әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлнұр Қарашева.
Ал қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге тосқауыл қойылады.
«Жұма күні Хазірет Сұлтан мешіті аумағындағы келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іс-шара өткізілуде. Іс-шара барысында мешітке келушілерге кедергі тудыратын, қайыр сұрайтын азаматтарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жайттарын болдырмау жағын қарастырамыз. Бұл ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабында көзделген. Бірінші рет оларға ескерту жарияланады, екінші рет қайталанса, айыппұл салынады. Тіпті қамауға алу шарасы да қабылдануы мүмкін. Сонымен қоса, мешіт аумағында басқа ел азаматтарының балалары қайыр тілеп жүретін жайттар да кездеседі. Оларды анықтап, көші-қон бөліміне жеткіземіз. Аталған бөлім заң шеңберінде шара қолдана алады», - деді «Сарайшық» ауданы Полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Дипломбек Балташев.
Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті сақтау, қайыршылықтың алдын алу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы іс-шаралар елорда бойынша тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Еске салсақ, елордалық полиция қала әкімдігімен және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Құқық қаласы» құқықтық квестін өткізді.