Елімізде тұмау және ЖРВИ-мен ауырғандар 13 пайызға азайды
Елімізде биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы бері аурушаңдық 13 пайызға төмендеген. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сархат Бейсенованың мәліметінше, 3 027 жағдайда тұмау екені зертханада расталды, А (H3N2) типті тұмауы – 2 967 жағдай, А (H1N1) типті тұмауы – 53 жағдай, В типті тұмауы – 7 жағдай тіркелген. Елімізде тұмауға қарсы барлығы 2,2 млн астам адам егілді, бұл халықтың 11%-ы.
«Қараша айында ЖРВИ шекті деңгейден асып, өте көп тіркелді. Жалпы республика бойынша ауру өршіп тұрған кезде 13 өңірде 11,8 мың сынып қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, 18,1 мың сыныпта белгіленген кабинетте ғана оқыту ұйымдастырылды, бұл мектептердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында оқу процесі штаттық режимде жүргізіліп жатыр», - деді комитетінің төрағасы.
Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық маусым кезінде (қыркүйектен сәуірге дейін) 4-5 млн ЖРВИ мен 2 мыңға жуық тұмау тіркеледі.
Еске салсақ, Қазақстанда алғаш рет эпидемиологиялық онлайн карта әзірленді.