Елімізде жол-құрылыс маусымы басталды: 122 жоба іске асады
Қазақстанда кезекті жол-құрылыс маусымы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдарда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Жол жөндеу жұмыстары әсіресе елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде белсенді түрде жүргізілуде. Ал солтүстік аймақтарда бұл жобалар ауа райы толық тұрақталған соң басталады. Қазір аталған өңірлерде құрылыс маусымына дайындық жүріп жатыр: қажетті материалдар жеткізіліп, техника мен мамандар жұмылдырылуда.
«2026 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық жолдарды орташа жөндеуге арналған ауқымды жоба іске асырылады. Жоба аясында жалпы 122 нысан қамтылады. Оның ішінде 73-і өткен жылдан жалғасқан болса, 49-ы — жаңа жобалар»,-делінеді хабарламада.
Орташа жөндеу жұмыстары елдің негізгі көлік дәліздерін қамтиды. Атап айтқанда, Жезқазған — Петропавл, Алматы — Шелек — Қорғас, Атырау — Орал, Астана — Ерейментау — Шідерті бағыттары және басқа да маңызды жолдар жөнделеді. Бұл бағыттар өңірлер арасындағы және көршілес мемлекеттермен көлік байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.



Сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. 2026 жылы 25 нысандағы жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған, оның 20-сы өткен жылдан ауысқан жобалар. Барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар анықталған.
Еске салсақ, Қарағанды – Астана учаскесінде пойыз бен көлік соқтығыса жазғанын хабаралғанбыз.