Елімізде тұрғын үйді есепке алу және бөлу үшін жаңа портал іске қосылды
Қазақстанда orken.otbasybank.kz порталы бар «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылды. Ол бүкіл ел бойынша кезекте тұрғандардың есебін орталықтандырылған тәртіпте жүргізуге, азаматтардың деректерін автоматты түрде тексеруге, тізімдердегі қайталауларды алып тастауға және қызметкерлердің қатысуынсыз тұрғын үйді бөлуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Банк 15 мемлекеттік деректер базасына қосылған. Бұл отбасының сандық картасын жасайды. Жүйенің өзі тұрғын үйге мұқтаж адамның бөлу шарттарына сәйкес келетіндігін тексереді. Есепке қою банктің мобильді қосымшасында қолжетімді. Онда тұрғын үйді бөлуге де қатысуға болады», - деді Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ платформаға өңірлерде тұрғын үйге деген қажеттілікті болжау үшін жасанды интеллект негізінде шешімдер енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, азаматтарға онлайн-кеңес беру үшін ЖИ-агент іске қосылады.
Ләззат Ибрагимова Отбасы банкі жыл соңына дейін 8,8 мыңнан астам пәтер бөлетінін айтты.
«Жыл соңына дейін құны 130 млрд теңге болатын тағы 8812 кредиттік пәтерді бөлу жоспарлануда. Цифрландырудың арқасында біз жыл сайынғы тұрғын үйді бөлу қарқынын үш есеге арттырдық. Салыстыру үшін айтсам: бұрын әкімдіктер жылына 7 мыңға жуық пәтер бөлетін, ал бұл жұмыспен жалпы саны 700 қызметкер айналысатын еді. Отбасы банкінде мұны тек 20 маман ғана шешеді», - деді Ләззат Ибрагимова.
Барлығы 1,5 жыл ішінде Отбасы банкінің қолдауымен кезекте тұрған 40 мың отбасы тұрғын үй алды.