Елімізде отандық дәрілік заттар көлемі 40%-ға жетті
Астанада «СҚ-Фармация» ЖШС алаңында Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Фармацевтикалық индустрияны дамыту перспективалары» тақырыбында көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында фармацевтика саласының өзекті мәселелері мен халықты дәрілік қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі тұрақты өсімді көрсетіп отыр, өндірістік және инвестициялық әлеуетін нығайтуда, локализация деңгейін кеңейтуде және импортқа тәуелділікті азайту мен экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға негіз қалыптастыруда», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.


2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артқан. Сонымен қатар салаға салынған инвестиция көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетсе, фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн долларға өскен.
Қазіргі таңда елде 209 отандық тауар өндіруші бар, оның ішінде 43 дәрілік зат өндіруші және 166 медициналық бұйым өндіруші. Қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8%-ға жетіп отыр, бұл дәрілік заттардың таңбалануы мен қадағалану жүйесі деректерімен расталған.
Вице-министр ұзақ мерзімді шарттар мен инвестициялық келісімдер - саланы қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
Жылдың басындағы жағдай бойынша 31 қазақстандық өндірушімен 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге арналған 83 ұзақ мерзімді шарт қолданыста. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап шамамен 360 млрд теңгені құрайтын инвестициялар туралы 7 келісім жасалған. Бұл жобаларды іске асыру 474 жаңа өнім атауын өндіруді жолға қоюға, 1 140-тан астам жұмыс орнын ашуға және отандық фармацевтиканың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ биыл ақпан айында Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша дәрілік заттар айналымын реттеудің ұлттық жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ТМД елдерінің ішінде үшінші деңгейге жеткен. Сонымен қатар, дәрілік заттарды тіркеу мерзімдерін қысқарту мақсатында «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша «Композиттік қызмет» пилоттық жобасы іске асуда. Оның нәтижесінде рәсімдер уақыты 210 күннен 100 күнге, яғни екі еседен астам қысқарды. Жоғары реттеушілік стандарттары бар елдерден келетін препараттар үшін жеделдетілген тіркеу тәртібі енгізіліп, мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқарған.
«Бұл жобаны іске асыру халықтың заманауи препараттарға қолжетімділігін жеделдетуге, мемлекет үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнес үшін болжамды жағдайлар жасауға мүмкіндік береді», – деді Тимур Мұратов.

Вице-министр сондай-ақ дәрілік заттарды таңбалау жүйесін енгізу туралы хабарлады. Бұл пациент деңгейіне дейін толық қадағалауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылау мен реттеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сөз соңында Тимур Мұратов еліміздің фармацевтика және медициналық өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға бағытталған шараларды айтты. Олар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін локализациялауды ынталандыруды, тұтас әрі тиімді фармацевтикалық саясат қалыптастыруды көздейтінін жеткізді.
Еске салсақ, елімізде тегін дәрі-дәрмек алушылар саны 3,4 млн-ға жетті.