Елімізде цифрлық технологияларды пайдалану деңгейі артты
Ұлттық статистика бюросы 21 мың үй шаруашылығы арасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану бойынша зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 16–74 жас аралығындағы тұрғындардың 88,2%-ы компьютер, ноутбук немесе планшет қолданады. Ал осы жас санатындағы интернет пайдаланушылардың үлесі (мобильді интернетті қоса алғанда) 95,6%-ды құрайды.
Халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі де жоғары — 92,4%. Бұл көрсеткішке компьютер, смартфон, планшет және ноутбукты қолдана білу, сондай-ақ интернет арқылы түрлі қызметтерді пайдалану дағдылары кіреді.
Үй шаруашылықтары арасында ең көп қолданылатын құрылғы — ұялы телефон (99,5%). Сонымен қатар ноутбукты 59%, планшетті 32%, үстел компьютерін 27,9% пайдаланады. Ал кабельдік және спутниктік теледидардың үлесі тиісінше 21,2% және 18,9% болды.
Интернетті пайдалану мақсаттарының ішінде ең танымалы — ақпарат алмасу (79,5%). Бұдан кейін әлеуметтік желілерді пайдалану (69,5%) және түрлі контентті жүктеу (43,1%) орын алады.
Интернет арқылы сауда жасайтындардың үлесі 32,1%-ды құрайды.
Ең көп тапсырыс берілетін тауарлар қатарында киім мен аяқ киім (71,3%), азық-түлік (45,2%), сондай-ақ косметика мен тұрмыстық заттар (33,2%) бар.
Еске салсақ, пойыз қозғалысын басқаруға Starlink спутниктік жүйесі енгізілетінін жазғанбыз.