Пойыз қозғалысын басқаруға Starlink спутниктік жүйесі енгізіледі
Еліміздің теміржол саласында заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, «Қарағайлы – Көкпекті» теміржол учаскесінде «АЙМАК RAIL» пойыз қозғалысын аралық реттеудің цифрлық жүйесі іске қосылған.
«Өткен жылдың желтоқсанында ұзындығы 247 шақырым Starlink спутниктік жүйесін қолдана отырып, жобаны өрістету бойынша жұмыстар басталды. Бұл учаскенің өткізу қабілетін бірінші кезекте тәулігіне 4 жұп пойызға дейін, екінші кезекте – 7 жұп пойызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы ретте, тасымалдар көлемі бірінші кезекте жылына 3 млн тонна, екінші кезекте – 5 млн тоннадан астам жүкті құрайды», — деді Марат Шәкенов.
Пойыздарды сынақтан өткізу ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған.
Сонымен қатар, салада тағы бір инновациялық жоба жүзеге асырылуда — дизельді қозғалтқыш пен аккумуляторлық батареялар негізінде жұмыс істейтін гибридті маневрлік локомотивтер. Бұл локомотивтер отынды үнемдеуге, пайдалану шығындарын азайтуға және зиянды шығарындыларды шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Үкімет жаңа Конституцияны жүзеге асыру мәселесін қарастырып жатқанын жаздық.