Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістер нақты нәтижеге бағытталған - депутат Президент сұхбатына орай пікір білдірді

6 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістер нақты нәтижеге бағытталған - депутат Президент сұхбатына орай пікір білдірді
Фото: Алтыншаш Табулдинаның жеке архивінен

Президенттің Turkistan газетіне берген көлемді сұхбатында денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған ойлар ерекше назар аудартады. Бұл - жалпы бағалау емес, жүйеде жинақталған мәселелерді ашық айтып, оларды шешуге бағытталған нақты ұстаным. Астана қалалық мәслихат депутаты, №5 емхана директоры Алтыншаш Табулдина Президент сұхбатына орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен әлеуметтік нысандардың салынуы маңызды әрі орынды шешім. Жалпы құны 482 миллиард теңгені құрайтын 434 нысанның ішінде 183 денсаулық сақтау объектісінің жоспарлануы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Бұл, ең алдымен, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейтуге және халыққа жақын қызмет көрсететін инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Президент сұхбатында жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіндегі бұрмалауларды ашық атап өтті. Бұл - медицина саласында ұзақ жылдан бері қордаланып келе жатқан мәселе. Тәжірибеде көрсетілген қызмет көлемі мен қаржыландыру арасындағы сәйкессіздік, тіркелген тұрғын саны мен нақты ем алған науқастар арасындағы айырмашылық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына әсер етеді.

Осы тұрғыда медициналық қызметтерді цифрландыру, әрбір көрсетілген көмекті нақты есепке алу және мониторинг жүргізу - уақыт талабы. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Қызметтердің орындалуы, бағыттамалардың негізділігі, артық немесе қажетсіз рәсімдер біртіндеп бақылауға алынып келеді. Бұл қаржыны тиімді пайдалануға және сапаны арттыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Сонымен қатар, депутат тәжірибеде әр медициналық ұйымның контингенті бірдей емес екені анық байқалатынын айтты. Ауыр, созылмалы аурулары бар пациенттердің үлесі жоғары ұйымдарда жүктеме де, шығын да көбірек. Сондықтан қаржыландыру тетіктерін жетілдіру кезінде осы факторларды ескеру маңызды.

Президент атап өткен медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен еңбекақысының өсуі сала үшін шешуші қадам болды. Қолдау бар жерде жауапкершілік те артады. Ал дәрігердің қауіпсіз әрі тұрақты жағдайда жұмыс істеуі - ең алдымен пациенттің мүддесіне қызмет етеді.

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде басталған өзгерістер нақты нәтижеге бағытталған. Ендігі міндет - қабылданған шешімдердің жергілікті деңгейде тиімді іске асуын қамтамасыз ету және әрбір реформаның халық денсаулығына нақты әсерін көру, - деп пікір білдірді Алтыншаш Табулдина.

Айта кетейік, Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.