Дәрі жеткізудегі заңбұзушылық: «Интерфармсервис» мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірген

Дәрі жеткізудегі заңбұзушылық: «Интерфармсервис» мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірген
Фото: pexels.com

Қаржылық мониторинг агенттігі дәрілік препараттарды сатып алу кезінде мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. Нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілгенін әшкереледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан аумағында Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілік заттардың дистрибьюторы әрі жалғыз жеткізушісі болған «Интерфармсервис» ЖШС бес жыл бойы преператтарды еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізіп келген. 

Аталған препараттар бойынша өндіруші шекті сату бағаларын белгілеген. Алайда компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, сол арқылы жалған мәмілелер жүргізген. 

Осы схема арқылы препараттардың сату бағасы жасанды түрде өсіріліп, оның нақты өзіндік құны жасырылып, заңсыз пайда алынған. Нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. 

Алынған табысқа салық төлеуден жалтару мақсатында серіктестік басшылығы түрлі жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражатты шығару схемасын ұйымдастырған. 

Соның салдарынан 4 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Компания 637 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтарған. 

Заңсыз баю нәтижесінде кәсіпкерлер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды. 

«Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы, үшінші тұлғаға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. 

Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастады.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Жетісу облысында Мәдениет үйін күрделі жөндеу кезінде 212 млн теңгенің жымқырылғанын жазған болатынбыз.