Жетісу облысында Мәдениет үйін күрделі жөндеу кезінде 212 млн теңге жымқырылған
Қаржы мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚМА-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2020 жылы Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімі мен мердігер ұйым арасында күрделі жөндеуден өткізуге 753 млн теңге сомасына шарт жасалған.
Шарт талаптарына сәйкес мердігер жұмысты 2021 жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс болған, алайда нысан осы уақытқа дейін пайдалануға берілмеген.
«Тергеу барысында бұрын қабылданып, төлем жүргізілген бірқатар жұмыстың нақты орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 212 млн теңгеден асты. Күдіктілердің мүлкіне шектеу қойылды. Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақмола облысында Мәдениет үйінің басшысы орындалмаған жұмыстар үшін өзге тұлғаларға 2,6 млн теңге аударғанын жазған болатынбыз.