Ақмола облысында мәдениет үйінің басшысы орындалмаған жұмыстар үшін өзге тұлғаларға 2,6 млн теңге аударған

Бүгін, 10:23
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ақмола облысында мәдениет үйінің басшысы орындалмаған жұмыстар үшін өзге тұлғаларға 2,6 млн теңге аударған
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астрахан ауданының прокуратурасы аудандық мәдениет үйінің қызметінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 2022-2024 жылдарда аудандық мәдениет үйінің басшысы орындалмаған жұмыстар үшін өзге тұлғаларға негізсіз еңбекақы есептеу арқылы 2,6 млн теңге көлеміндегі қаражатты талан-таражға салып, мемлекетке материалдық залал келтірген.

«Соттың үкімімен аудандық мәдениет үйінің бұрынғы басшысы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап етті деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - деп жазылған облыстық прокуратураның хабарламасында.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.

Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Абай облысында ауылдық округтің бұрынғы әкімі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталғанын жаздық.