Чемпиондар лигасынан – әлем чемпионатына!

Бүгін, 19:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Чемпиондар лигасынан – әлем чемпионатына!
Коллаж: Elordainfo.kz

Elordainfo.kz сайтының шолушысы, спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы футболдан Чемпиондар лигасы және «Қайрат» клубының ойындарына шолу жасады.

БІРІНШІ ТОЛҒАУ

...Қазақстан үшін 2025 жылдың футбол тойы болған УЕФА Чемпиондар лигасының жарыстары бұл күндері сәл тыныс алып жатыр. Аманшылық болса, енді оншақты күннен кейін ол жарыс қайта жаңғырады. Алда бұл жарыстың шешуші кезеңдері қалды. Өкінішке қарай, біздің «Қайрат» ол бәсекелерге қатыспайды.

Қазақ елінің футболдағы тұмары болған «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қосылған 36 команданың 36-шысы ғана болды. Мұндай кіл жүйріктер жиналған бәйгеде, тәубе, аты ұрттап, жарыстан шығып кеткен жоқ. Міне, бұл 36 команда жалпы кезеңнен кейін мынадай боп қатар түзеді:

«Қайраттың» 36-шы орын алғанына мұңаятын ештеме жоқ. Біз ол жалпы кезең басталғанда-ақ «Қайрат» командасы бесінші, оныншы, жиырмасыншы, отызыншы орын алады деп малданған жоқпыз. Біріншіден, Еуропа футболы Азия футболынан төбесі биік екені жасырын емес. Біз өзіміз адасып барған Еуропада доп теуіп жүрміз деп мәз болғанымызбен, бізге ол құрлық футболының тұғырына шығу тым ерте, тіпті мүмкін де емес дер едім. Қарапайым жанкүйер ауылға «Реал» келіп ойнады, біз Лондонға барып ойнадық деп рахаттанғаны болмаса, қай елдің де футбол федерациясының басты нысанасы – ел құрамасын құрлықтық, яғни, Азиялық және әлемдік футбол чемпионатының финалдық кезеңіне шығу мақсатына баптап қосу екені ереже де, заң да! Ал, біздің футбол Еуропада жүргенде бұл арманға 70-тен асқан мен ғана емес, 30-40 жастағы менің балаларым да жете алмасы анық. Мына шал не оттап отыр дерсіздер, мен сөздің ашығын айтып отырмын. Жоғарыдағы арманға кеше ғана 2026 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығып алған Өзбекстан құрама командасы сол Азия құрлығындағы іріктеу ойындары арқылы жетті.

Тағы да айтамын: Өмірдің өзге саласындағыдай футболда да бізбен өкшелесіп жүретін өзбек ағайындар әлем чемпионатының финалдық кезеңіне берілетін жолдамаға Азия құрлығындағы іріктеу жарыстары арқылы жетті. Азия құрлығындағы іріктеу ойындары арқылы!!! Ал, Еуропа футболы біз үшін арқасына тоқым да тастатпайтын асау ат секілді. ... «Қайратымыз» басқаны былай қойғанда, жартылай еуропалық, жартылай азиялық гректің «Пафос» секілді командасын өз алаңында жеңе алмаған соң, «Реал», «Арсенал», «Интер», «Спортинг» секілді командалар үшін күрек тіспен-ақ шағылатын жаңғақ емес пе?! Мынаны түсініңіздер: Мәселе «Қайраттың» жақсы-жаман ойынында емес – мәселе, біздің футбол жайдақ жерде ойналып жатса, еуропалық футболдың тау бауырында ойналып жатқандығында! Мұны кей қазақ «Ешкі мен қой тең бе?!» деп бір ауыз сөзбен қайырады.

...Бұлай дегенде «Қайратты» жамандамақ ойым жоқ. Керісінше бұл сүйікті командамызбен мақтанамыз! Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шықтық. Еуропаның мықты ұжымдарымен бәсекеге түстік, жанкүйер жүрегін дүрсілдетіп, небір қызықты ойын өткіздік, 36-шы орын алсақ ол да ештеме етпейді, мұндай аламан жарыста топ басы мен ортасында болу екінің біріне бұйыра бермейді... Есесіне, «Қайрат» Миланда өткен ойында аты дардай «Интердің» қақпасына гол соқты, дәл солай «Спортингтің» қақпасының да кілтін тапты, ал Лондонда топ бастап келе жатқан «Арсеналдың» қақпасына екі гол тоғытты! Әрине, бұл ойында «Арсенал» күшенген де жоқ, олар «Қайратқа» қарсы мысық пен тышқан ойнаған... Екі ортада өздері тышқан боп қала жаздады. Ағылшын баспасөзінде «Арсенал» «Қайратты» қарсылас санамай, содан сүріне жаздады» деп жарыса жазса да спортта, оның ішінде, футболдағы «Ойын – ұмытылады, нәтиже – қалады!» деген қанатты сөзге орай бұл екі гол «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихында ғұмыр бойы көзге оттай басылып, жарқырай береді. ...Осы ойын тағы бір қызықты әрі қызғылықты жағымен есте қалды: Ойын барысында тәртіп бұзылды да төреші әлгі ВАР деген бәлені қарамақ болды. Сол кезде «Эмирейт» стадионының үлкен табло-экранында ағылшыншамен бірге: «Гол соғуды тексеру!» деп қазақша да жазылды. Қуанып қалдық. Ағылшындарға рақмет! Өзіміздің Қазақстандағы стадиондарда қазақша айту мен қазақша жазуға зар боп жүрген біз үшін бұл оқиға шөлімізді ағылшындар қандырғандай әсер етті...

«Қайрат» жайлы қуанышымызды одан ары көбейте түсейін. Олардың ауылдағы ойындарын түгел көргенім өз алдына, «Қайрат» қыз кезіміздегі махаббатымыз ғой, күздің салқын бір күндері алыс-жақын, арзан-қымбат, ауыр-жеңіліне қарамай Италияның Милан қаласына сапар шегіп, «Қайраттың» атышулы «Интермен» ойынын көрдім. Кезінде де жазған болармын, «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы шын мәнінде араны ашылып ойнаған ойыны осы болды. Мәселе есепте де емес (1:2), командамыз шабытына мінсін бір. Аузымен құс тістеген «Интеріңіз» ойын аяқталғанда екі иінінен дем алып тұрды. Бұл жолшыбай айтқан ойым ғой. Сол Миланға ресми аккредитация алып барған бізді (жанымда «Азаттық» радиосының Прагада жұмыс істейтін шәкіртім Руслан Меделбек бар болатын. – Н.Ж.) Сан-Сиро стадионындағы «Интердің» баспасөзге жауап беретін жандары құдаларындай қарсы алып, сусын, тіскебасар беріп, құшақ жая қарсы алды. Ал, стадионнан бізге берген орындары қандай керемет! Алаңның қақ ортасын ала сәл биіктен берілген орыннан стадионның жасыл алаңының бар тұсында доп түгілі тышқан жорғаласа көріп отырасың.

Ол ол ма, екеуміздің алдымызда да қобдишадай монитор қойылған. Доптың қақпаға соғылу-соғылмауын Сан-Сиро секілді ең биік трибуналары құс ұшатын биікке қонақтаған стадиондағы даладай телеэкрандарға шұқшиып көз тастамай-ақ, алдыңдағы жеке тележәшігіңнен қанша қаласаң сонша қайталап көре бересің! Яғни, бұл «Қайрат» өзінің Чемпиондар лигасында ойнауымен футбол атты әлемде қазақ елінің беделін арттырып берді деген сөз.

«Қайраттың» бұл Чемпиондар лигасына қатысуымен қазақ еліне берген пайдасы ұшан-теңіз. Қаншама бала стадиондарға барып та, үйдегі тележәшіктен көріп те футбол қиялдарына қанат бітіргендері даусыз. Ұлдарымыз да бұрын ауыл арасында жүр еді, енді ел аралап, өзгелерге жүз көрсетті. Жалпы, «Астананың» онан соң «Қайраттың» Чемпиондар лигасында ойнаулары, еліміздің ұлттық құрамасының ресми халықаралық жарыстарға қатысып, ел аралауы тегін кеткен жоқ. Бүгінде біз Дастанды, Кенжебекті, Нұралыны, Чесноковты шет елдік командаларға сата алып отырмыз. Бұл – аз табыс емес! Осының бәрін асқазанда қорыта келе, «Қайраттың» Чемпиондар лигасыдағы ойын нәтижесін тым жербауырлата алмаймыз. Қараңыздар! Қорытынды кестені көріп кеп жіберсеңіздер бізбен көрші сатыда Испанияның атақты «Вильярреал» командасы тұр. Оларда да жалғыз ұпай. Бетпе-бет келсек, бізді ішіп-жеп қоятын «Вильярреалдың» топ соңында бізбен бірге қалуы, ең әуелі, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің өзі өліспей беріспейтіндердің жарысы екендігіне дәлел. Онымен қоса, УЕФА Чемпиондар лигасының екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан жаңа ережесіне көңілдері толмайтын командалар көп. Мен де солардың қатарындамын. Бұл ереже шым-шытырық, түсініксіз, тіпті, ұйымдастырушылардың өзі бұл жарысты балағына сүрініп әрең өткізіп жатқандай көрінеді маған. Содан да әлгі 36 команда өз күшіне лайық орындарға жайғаса алмай қалды...

Қалай болғанда да жалпы кезеңнің ойындары аяқталды, 36 команда біріншіден 36-шыға дейін солдаттардай сап түзеді, алғашқы 8 орынға ие болған командалар 1\8 финалға бірден шығып, кеңінен тыныс алып жатыр, ал 9-16-шы орын алған командалар тағы бір жеребемен енді 10 күннен кейін жұп-жұпқа бөлініп, жоғарыдағы 8 командаға қарсылас атану үшін екі ойыннан тұратын жекпе-жек өткізеді. Ол ойындарда жеңіп шыққан командалардың 1\8 финалда кіммен шайқасатыны бүгін-ақ белгілі.

Оны мына жазба-сызбалардан көруге болады: ------------------------------------------------------------------------

(Жалғасы бар)