Биыл елордада тұтынушылар шағымданған 66 кәсіпкерге айыппұл салынды
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бергі жұмысын қорытындылады , деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, қаңтар-мамыр айлары аралығында департаментке азаматтардан 5 184 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға көп.
Өтініш санының артуы тұтынушы құқығын қорғаудағы белсенділіктің артқанын және тауар мен қызмет нарығындағы даулы жағдайдың көбейгенін көрсетеді.
Тұтынушылар қандай мәселелерге жиі шағымданады?
Өтініштерді талдау нәтижесі бойынша шағымның басым бөлігі бөлшек және электрондық сауда саласына қатысты болған. Атап айтқанда, бөлшек саудаға байланысты 1 286 өтініш түсті, бұл өтініштердің төрттен бір бөлігі. Ал 939 өтініш электронды сауда саласына тиесілі.
Тұтынушылардың негізгі шағымы сапасыз тауар, тауарды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту, жеткізу мерзімінің кешіктірілуіне байланысты болды. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасының төмендігі мен тауарлар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, әсіресе қашықтан сатып алу кезінде жиі кездесетін мәселелердің қатарында.

Электрондық сауда - ең күрделі саланың бірі
Мамандар электронды коммерция саласында шағымның саны жоғары екенін атап өтті. Шағымдардың басым бөлігі тауардың жеткізілмеуі, сатып алынған өнімнің сипаттамасына сәйкес келмеуі және ақшанының уақытылы қайтарылмауына қатысты.
2,4 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды
Азаматтардың өтініші бойынша 1 087 жағдайда заңнаманы қолдану мәселесі бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілген, ал 2 438 жағдайда тұтынушы құқығы қалпына келтірілді. Олардың ішінде 665 өтініш беруші дауды өзара келісімге келуіне байланысты өтінішін қайтарып алды. Нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 196,8 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылған. Сондай-ақ, 1 126 өтініш құзыретті мемлекеттік органдарға жолданған, ал 533 өтініш қаралу сатысында тұр.
Көптеген жағдайда кәсіпкерлер тұтынушы шағымын сотқа жеткізбей-ақ ерікті түрде орындап, қаражатты қайтарып немесе шартта көрсетілген міндеттемесін орындағанын атап өткен жөн.
Тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды
Жылдың алғашқы бес айында тұтынушы құқығын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 66 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұл сомасы 2 141 863 миллион теңгеден асты. Бұл құқық бұзушылықтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шара қабылданды.
Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда не істеуі керек?
Департамент дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешудің маңыздылығын еске салады. Құқығыңыз бұзылса, алдымен сатушыға, қызмет көрсетушіге немесе өндірушіге жазбаша талап-арыз жолдауыңыз қажет.
Егер 10 күнтізбелік күн ішінде жауап берілмесе немесе талап қанағаттандырылмаса, департаментке жүгінуге құқылысыз. Ол үшін талап-арыз көшірмесін, оның жіберілгенін немесе тапсырылғанын растайтын құжаттарды, шарт көшірмесін, төлем құжатын және құқық бұзушылық фактісін растайтын өзге де материалды ұсыну қажет.
Сонымен қатар тұтынушы сот арқылы құқығын қорғап, қаражаттың қайтарылуын, келтірілген шығын мен моральдық залалдың өтелуін талап ете алады.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы басты бағыт – құқық сауаттылығы
Департамент БАҚ, әлеуметтік желі және жеке кездесу арқылы азаматтар мен бизнес өкілдерін тұрақты түрде ақпараттандырып келеді.
Әсіресе электрондық коммерция саласында құқық бұзушылықтың көбеюі, қашықтан сатып алу кезіндегі даулар және кәсіпкерлердің заң талаптарын білмеуі мәселесіне баса назар аударылған.
Еске сала кетсек, елордалық фискальды орган кәсіпкерлерге бақылау-касса машиналарын қолдану міндетті екендігін ескертті.