Биыл Астанаға Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су көзін тарту жұмысы басталады
Бұл туралы «Астана су арнасы» кәсіпорнының мамандары мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.
Қазіргі таңда бас қаланың басты су көзі – «Астана» (Вячеславка) су қоймасы.
«Астана су арнасының» мәліметінше, елордадан оңтүстік-батысқа қарай 51 км жерде Ақмола облысының Аршалы ауданында орналасқан аталған су қоймасының көлемі – 410 млн текше метр.
«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының жоспары бойынша 2026 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан қосымша (баламалы) су көзі тартылып, №4 сорғы-сүзгі станциясын салу жобасы басталмақ», – деді Астана су арнасынан Elordainfo.kz тілшісіне.
«Астана су арнасы» кәсіпорны 3 станциясының біріншісі 1960 жылдан бері жұмыс істеп келеді, 2017-2018 жылдары реконструкция жасалған. 2011 жылы іске қосылған екінші станцияны түрік компаниясы салған. Ал үшінші жаңа станция 2024 жылы ақпан айында пайдалануға берілген.
Айта кетейік, Қ.Сәтбаев атындағы канал – Қарағанды және Павлодар облыстарының өнеркәсіп орындарын сумен қамтамасыз ететін маңызды нысан. Сондай-ақ канал Жезқазған, Қарағанды және Павлодар қалалары үшін ауыз судың негізгі көзі болып саналады.
Бұған дейін Астана қаласы тәулігіне қанша мөлшерде ауыз су қолданатынын жазған едік.