Бір түнде 23 мың текше метрден астам қар шығарылды: Астанада қар күреу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр (ВИДЕО)
Астана коммуналдық қызметтері қалада тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қар күреу жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде коммуналдық қызметтер елордадан 1 869 рейспен 23 мың текше метрден астам қар шығарды.
11 желтоқсан таңертеңнен бастап қар тазалау жұмысына 3 000-нан астам жол жұмысшысы мен 1 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілі басталғалы бері қала аумағынан 32 594 ауыр жүк көлігімен 415 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік жолдар тазартылып, содан кейін орташа қозғалыс аймақтар – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін сақтап, жолдар мен жаяу жүргінші аймақтарында мұқият болуды, сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауды кеңес етеді.
Еске салайық, кеше елордадағы қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы шыққанын хабарладық.