Бір топ қыздың алаяқтық жүйесінен 45 адам залал шекті
Интернетте қыздармен танысқандар олармен кездесу үшін пәтер жалдауға ақша аударған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратураның түсіндіруінше, бір топ қыз алаяқтық жүйе ұйымдастырып, жәбірленушілермен танысу сайтында танысып, қарым-қатынасты жалғастыру үшін жалға алынған пәтерде кездесуді ұсынған. Осы тұста олар Астана қаласында тартымды интерьердің суреттерін тіркеп пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырған. Жәбірленушілер осы пәтерді бір тәулікке жалға алмақ болған.
«45-тен астам жәбірленуші жалпы сомасы шамамен 620 мың теңге қаражатты жалған пәтер үшін аударған. Ақшаны иемденген соң, кінәлі тұлғалар жәбірленушілермен хат алмасуды тоқтатып, олардың нөмірін бұғаттап отырған», делінген хабарламада.
Сот олардың кінәні мойындауы және материалдық залалды өтегенін ескеріп, үш қызға 3 жылдан 3 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгілеп, мәжбүрлі еңбекке тартты.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарға интернет арқылы келісім жасау кезінде сақтық шарасын ұстануды және ақпаратты алдын ала тексермей ақша аудармауды ұсынады.