Елордадағы №111 мектеп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұл – астананың білім беру инфрақұрылымындағы маңызды қадам. 2024 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған білім ордасы Астанадағы «Нұра» ауданында орналасқан. Бұл мектеп несімен жайлы? Мұнда оқушыларға қандай жағдай жасалған? Осы және өзге де маңызды сауалдарға мектеп директоры Данара Джумартова жауап берді.

Қаладағы №111 жалпы орта білім беретін мектепте білім алып жатқан оқушылар саны 3500-ден асқан. Оларды тәрбиелеу және оқыту ісінде 200-ден астам білікті және тәжірибелі педагог жұмыс істейді.

«Мектептің заманауи және ауқымды ғимараты айналадағы ортаға ерекше сән беріп тұр. Педагогтердің басты мақсаты – әр оқушыға сапалы білім беру және оларды XXI ғасырдың талаптарына сай бәсекеге қабілетті тұлға етіп қалыптастыру», - деді Данара Мейранбекқызы.

«Келешек мектеп» қағидаттарына сай салынған білім ошақтары оқушылар мен педагогтерге кешенді әрі заманауи жайлылықты қамтамасыз етеді. Оқушылар үшін ең бірінші - қауіпсіз, кең орта жасалған, бөлек оқу блоктарымен және жаңа бейнебақылау жүйелерімен қамтылған. STEM-зертханалар, робототехника кабинеттерін қоса алғанда, барлығы 101 оқу кабинеті бар. Бұл оқушыларға инновациялық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мектеп 4 спортзалмен және шығармашылық үйірмелерге арналған орындармен жабдықталып, инклюзивті білім алуға толық жағдай жасалған. Педагогтер үшін де жайлылық бірінші орында: олар жұмысты жеңілдететін заманауи техникамен қамтамасыз етілген», - деді білім ордасының басшысы.

Мектеп директорының айтуынша, бұл білім ордасының ашылуы қаланың «Нұра» ауданындағы орын тапшылығы мәселесін шешуге үлкен серпіліс берді.
«Қазір 3500-ден астам оқушыны қабылдаған мектебіміз, ең алдымен, көршілес білім ошақтарындағы ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетті және бірқатар мектептердегі үш ауысымда оқыту мәселесін жоюға мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ мектептің ашылуы бұрын өзге аудандарға жол жүріп оқитын балалар ағынын азайтып, ата-аналарға балаларын өз ауданындағы заманауи мектепке орналастыруға мүмкіндік берді. Осылайша мектеп аудандағы жоғары сұранысты ішінара қанағаттандырып, орын тапшылығы мәселесін айтарлықтай шешті, ал Үкімет халықтың өсу қарқынына сай «Келешек мектеп» жобасы аясында жаңа мектептер салуды жалғастыруда», - деді спикер.
Данара Джумартова мектепте білім беру процесін жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай қамтамасыз етілгенін айтты.
«Мектептегі 101 оқу кабинеті толығымен соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен және интерактивті технологиялармен жабдықталған. «Келешек мектеп» жобасының ерекшелігіне сай, оқушылардың физикалық дамуына басымдық беріліп, мектепте бірден 4 спортзал қарастырылған. Оқу-тәрбие процесі оқушылардың жан-жақты және функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған инновациялық әдістер негізінде ұйымдастырылады», - деді директор.
Мектеп аралас тілді оқытуды ұсынады. Бұл әр оқушыға білім алуда өз ана тілін және қосымша тілдерді еркін меңгеруге мүмкіндік береді.
«Асхана толықтай жаңа және санитарлық талаптарға сай ас дайындау жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Бұл тағамдардың балғындығын және қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді. Асханада бір мезетте 425 адам тамақтана алады», - деді мектеп басшысы.
Сабақтан тыс уақытта оқушылардың жан-жақты дамуына арналған көптеген үйірме мен секция жұмыс істейді. Олар оқушылардың шығармашылық, спорттық, интеллектуалдық және әлеуметтік қабілеттерін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, оқушылар ағылшын тілін терең меңгеретін арнайы тіл үйірмелерінде білімін жетілдіреді, физикалық даму үшін футбол, волейбол, баскетбол, карате, қазақ күресі, таэквондо және асық ату секілді спорттық секциялар сұранысқа ие.
Бұдан бөлек, муызка, би, фортепиано, домбыра, актерлік шеберлік, сурет үйірмесі, тележурналистика, мобилография секілді шығармашылық бағыттағы үйірмелер балаларға өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді. Бұл үйірмелердің барлығы оқушылардың креативті ойлау, көшбасшылық, командалық жұмыс және шешім қабылдау секілді маңызды өмірлік дағдыларын дамытуға септігін тигізеді.
«Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған Qadam жобасы №111 мектеп қабырғасында өз атауына сай алғашқы табысты қадамдарын жасап келеді. Бұл жобаның аясында оқушылар тек білім алып қана қоймай, өздерінің шығармашылық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік алады. Олар сурет салып, ән айтып, би билейді, сондай-ақ заманауи робототехника үйірмелеріне қатысады. Оқушылар өз қабілеттерін мектеп қабырғасынан тыс жерде де сынап, жетістіктерге жетуде. Мәселен, «Астана дарыны» орталығы ұйымдастырған «Шексіз өмір» атты қалалық байқауда Злиха Серік (би өнері) және Нұрғали Абитаев (сурет салу) 2-орынды иеленсе, Данияр Шутов (информатика) пен Кенесары Кушербаев (сурет салу) 3-орынды қанжығаларына байлады. Осы арқылы біз мектеп миссиясында айтылғандай, баршаға тең мүмкіндікті қамтамасыз ете отырып, жасампаз тұлға тәрбиелейміз», - деді білім ордасының басшысы.
Мектеп оқушылары 2024-2025 оқу жылы барысында республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді зияткерлік және ғылыми-шығармашылық байқауларға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
«Бұл жетістіктер мектептің білім сапасының, оқушылардың ғылыми-зерттеушілік және шығармашылық әлеуетінің артқанын дәлелдейді. Респубикалық Fibonacci инновациялық жобалар байқауында мектеп командасы – Рахим Тойбазар мен Диар Пархат үздік нәтиже көрсетіп, 1-орынды иеленіп, Түркияның Анталья қаласында өтетін халықаралық кезеңге жолдама ұтып алды. Бұл жеңіс мектептің STEM және инженерлік бағыттағы жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды», - деді Данара Джумартова.
Сондай-ақ халықаралық деңгейде өткен ITEACHER III жастар форумында оқушылар Нұрай Бердалиева, Аяужан Тұрсынбек, Балнұр Бекжанқызы, Әбілмансұр Керімбай жүлделі орындарға ие болып, педагогикалық және креативті жобалар бойынша үздік идеяларын ұсынған. Skillset AI Hackathon-2025 республикалық байқауында 7-сынып оқушысы Станислав Коршиков пен 10-сынып оқушысы Барыс Дүйсенбек 3-орынды иеленіп, жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы шешім ұсыну қабілеттерін көрсетті.
«Климат күтпейді» атты халықаралық экологиялық жобалар байқауында «Су – тіршілік көзі» номинациясы бойынша Ғани Набиев 2-орынды иеленіп, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларымен көзге түсті. Сонымен қатар Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпидаға 11-сынып оқушысы Темірлан Бектелеу белсенді қатысып, құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл тек республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. 150-ден астам оқушы қалалық байқауларда топ жарып, мектеп абыройын асқақтатты», - деп сөзін түйіндеді Данара Джумартова.