Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн – Тоқаев

Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн – Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев басшылар мен лауазымды тұлғалардан елге пайдасы бар жұмысты талап етті. Бұл туралы Президент Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соған қарамастан еліміз жақсы қарқынмен дамып келеді. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналды. Жыл қорытындысы бойынша экономикамыз 6 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс өз нәтижесін беруде. Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық. Бүкіл мемлекеттік аппарат, бірінші басшыдан қарапайым қызметкерге дейін мұны терең түсінуі керек. Бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары қарқын мен бастамашылық таныту қажет.

Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн. Мемлекеттік қызметте той тойлап жүруге, жалқаулыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға орын жоқ. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен лауазымды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін. Алдымызда атқаратын міндет көп», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс екенін айтқанын жаздық.