Референдум-2026

Бастауыш сыныптарға диктант пен бақылау жұмыстары қайта енгізіледі - Жұлдыз Сүлейменова

Бүгін, 11:43
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бастауыш сыныптарға диктант пен бақылау жұмыстары қайта енгізіледі - Жұлдыз Сүлейменова
Фото: Magnific.соm

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында БЖБ және ТЖБ сынақтарын алып тастауға байланысты оқушылардың білімін бағалаудың жаңа тәртіптері енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Министрдің сөзінше, бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалауда дәстүрлі жазба жұмыстарына қайта басымдық беріледі. Атап айтқанда, қазақ тілінен диктант, мазмұндама, шығарма және басқа да шығармашылық жұмыстар, ал математикадан бақылау жұмыстары қайта енгізіледі.

«Сонымен қатар оқушының дәптері де бағалаудың бір бөлігіне айналады. Бұдан былай балалар тапсырмаларды арнайы ақ парақтарға ғана орындамай, дәптерге жазып орындайды. Мұғалімдер оқушылардың дәптерлерін тексеріп, олардың жұмысына баға қояды», деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, қазір аталған жұмыстарды бағалау критерийлері әзірленіп жатыр. Оларды Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында құрылып жатқан арнайы жаңа бөлім айқындайды.

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардың бағалау жүйесінен модерация ұғымын алып тастау жоспарланып отыр. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мұндай шешім мұғалімдердің жүктемесін азайту мақсатында қабылданған.

«Бұған дейін модерацияның формалды түрде жүзеге асырылып, мұғалімдерге шамадан тыс жүктеме бергенін көріп отырмыз», деді ол.

Еске салайық, бұған дейін елде бастауыш сыныптардағы жүктеме азайып, базалық білімге басымдық берілетіні туралы жаздық.