Атырауда қасақана АИТВ жұқтырды деген күдікпен екі трансгендер ұсталды

Бүгін, 16:21
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Атырауда қасақана АИТВ жұқтырды деген күдікпен екі трансгендер ұсталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Атырауда АИТВ-ны қасақана жұқтырды деген күдікпен екі трансгендердің заңсыз қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атырау қаласында 23 және 28 жастағы екі азамат ұсталды. Олар 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап өздерінде АИТВ инфекциясының бар екенін біле тұра, арнайы медициналық есепте тұрғанына қарамастан, транс тұлғалар ретінде ақылы интимдік қызмет көрсетуді жалғастырған.

Атырау облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Өзінде бұл аурудың бар екенін біле тұра, басқа адамға АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру — ауыр қылмыс. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу жүргізіліп жатыр, жәбірленушілер анықталуда.

Заң органдарының мәліметінше, әрбір дерекке құқықтық баға беріліп, оған кінәлілер заң алдында толық жауап бермек.