Қытайда жабық ғимаратта өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында астаналық спортшылар бірнеше медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әйелдер арасындағы 4×400 метрлік эстафетада Қазақстан ұлттық құрамасы 3:38.02 уақыт көрсетіп, Қытай командасын артта қалдырып, алтын медаль жеңіп алды. Осы жарыста ел намысын Астана спортшысы Кристина Кондрашова қорғады.
Ал ерлер арасындағы 4×400 метрлік эстафетада қазақстандық төрттік қола жүлдегер атанды. Құрама сапында елордалық Мәди Төкенов болды. Команда 3:12.23 нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. Бұл сайыста барлығы алты команда бақ сынады.
Құрлықтық біріншілікке Азияның 35 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты.
Еске салайық, елордалық боксшылар Испанияда 3 алтын, 1 қола медаль жеңіп алған еді.