Астаналық кәсіпкерлер жаңа Конституция жобасына енген экомәдениетті талқылады

Астаналық кәсіпкерлер жаңа Конституция жобасына енген экомәдениетті талқылады
Фото: автордан

Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру жаңа Конституция жобасына енгізілген болатын. Осы бағытта бүгін «Jasyl El» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Нұрасыл Бекматов астаналық кәсіпкерлермен қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында талқылау өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Штаб басшысы экомәдениетті қалыптастыру мен табиғатқа жанашырлықпен қарау жаңа Конституция жобасына енгізілуінің маңыздылығы туралы айтты. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау бойынша ақпараттар ұсынылды.

«Біз осы салада жұмыс істеп жатқандықтан көпшілік арасындла кеңінен насихаттауға тырысамыз. Мақсатымыз – экологияға жаны ашитын, қоқысты сұрыптап тастайтын, айналасын бүлдірмейтін азаматтарды бір топқа шоғырландыру», - деді Нұрасыл Бекматов.

Спикер экоағарту мен табиғатты аялау қағидаттары жаңа Конституцияда нақты бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол елімізде «Таза Қазақстан» экожобасы аясында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияда экомәдениеттің енгізілуі табиғатқа, қоршаған ортаға жанашырлықты күшейтуге, әрбір адамның бойында тазалық мәдениетін қалыптастыруға себепкер болады.

2025 жылы Астанада «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастар арасында  5 100 адам жұмыспен қамтылды. Олар маусым-тамыз айларында абаттандыру, көгалдандыру бағыттарында жұмыс істеді. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.  

«Қаланың әрбір тұрғынына қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға бағытталған эко-хаб жұмыс істейді. Мұнда пластик, алюминий және макулатура тапсырып, қайта өңделген қақпақтардан бұйымдар жасауға арналған шеберлік сабақтарына қатысуға болады. Сондай-ақ қалдықтардың пайдалы заттарға айналду процесін көруге болады. Мысалы, пластик қақпақтар мен бөтелкелерден кілт салғыш, телефонға қойғыш және т.б. бұйымдар жасалады», - деді штаб Нұрасыл Бекматов.

Бұған дейін Астанада Конституцияның жаңа жобасындағы отбасы және неке нормалары талқыланғанын жаздық.