Астанада халықаралық іс-шараларға байланысты көлік қозғалысы шектеледі
Астанада ауқымды халықаралық іс-шаралар өткізілуіне байланысты 20-24 сәуір аралығында қала көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне сілтеме жасап.
«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!
Астана қаласында бірқатар ауқымды халықаралық саяси іс-шаралар өткізілуіне байланысты 20-24 сәуірде қала көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік құралдарының жүруіне уақытша шектеу қойылады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға уақытында өткізілетін қауіпсіздікті қорғау шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 20-23 сәуір күндері Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сондай-ақ, 22-24 сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді.