Астанада VIII Халықаралық жас геологтар олимпиадасы өз мәресіне жетті
Астанада VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетіне сілтеме жасап.
Ауқымды халықаралық білім беру жобасына Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінен келген 140 мектеп оқушысы қатысты.
«Бір апта бойы қатысушылар геолог мамандарының нақты жұмыс жағдайына барынша жақындатылған тәжірибелік сынақтардан өтті. Жас зерттеушілер геологиялық маршруттарды өту, минералогия, петрография, палеонтология, гидрология, магнитометрия, шлихтық сынама алу, мұнай-газ геологиясы, геологиялық есептерді дайындау, сондай-ақ далалық лагерьді ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша білімдері мен дағдыларын көрсетті», делінген хабарламада.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеке есепте «Прикамье жас геологтары» командасының мүшесі Алёна Варлашова жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ярослава Береснева («Прикамье жас геологтары»), үшінші орынды «Geo Museum» командасының қатысушысы Әмір Маратов иеленді.

Командалық есепте бірінші орынды Ресей Федерациясының Пермь қаласынан келген «Прикамье жас геологтары» командасы жеңіп алды. Қазақстан құрамасының «Аспан» командасы күміс жүлдеге ие болса, Беларусь Республикасының «Беларусь Республикасының жас геологтары» командасы үшінші орынды иеленді.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім гранттары Виктория Вильянова («Георуд» командасы) мен Амирхан Исатаевқа («ЖасОникс» командасы) табысталды. Ал Satbayev University ректорының гранттары Бекнұр Оразбайға, Илья Авдеевке және Юлия Першинаға берілді.
Олимпиаданың бас ұйымдастырушысы – «Жас геолог» корпоративтік қоры. Іс-шара Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен (физика-математика бағыты) серіктестікте ұйымдастырылып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті және Энергетика министрлігінің қолдауымен өтті.