Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес құрылды

Бүгін, 16:46
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес құрылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы Конгресс-орталықта қала прокурорының төрағалығымен алғаш рет көшпелі әрі ашық форматта заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Астана қаласының үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен жастар қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара барысында консультативтік-кеңесші орган жанынан құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес құрылып, оның құрамына қоғам қайраткерлері мен елорданың белсенді тұрғындары енді.

Отырыстың басты ерекшелігі – жаңа ашық форматта өтті. Алғаш рет Үйлестіру кеңесінің жұмысына азаматтық қоғам өкілдері тартылды. Қатысушылар жасөспірімдер қылмысының алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Отырысты ашқан Астана қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекет пен қоғам күш-жігерін біріктірмей мүмкін еместігін атап өтті.

«Бірлесе әрекет ете отырып, біз Астанадағы қауіп-қатерлердің алдын алып, әрбір тұрғын өзін толық қауіпсіз сезінетін жағдай қалыптастыра аламыз. Мұндай ауқымды жұмысты тек құқық қорғау органдарының күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың, бизнестің және қоғамның жан-жақты өзара іс-қимылы қажет», – деді Ғабит Мұқанов.

Оның айтуынша, консультативтік-кеңесші орган аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің құрылуы азаматтар мен жауапты органдар арасындағы тікелей диалогты дамытуға маңызды қадам болады.

«Бүгін біз жауапты тұлғалар мен азаматтар арасындағы тікелей диалогқа арналған сенімді алаң құру арқылы алға қарай тағы бір қадам жасап отырмыз. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің жұмысын бастап, оның құрамына қаланың төрт белсенді тұрғынын енгізіп отырмыз», – деді елорда прокуроры.

Жаңадан құрылған кеңестің құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Айгүл Ержанова, елордалық мектеп директоры әрі қоғам қайраткері Ақмоншақ Нұғман, JanaMen жобасының негізін қалаушы Айтым Жақыпов, сондай-ақ киокушинкай-кан каратэ спорты бойынша спорт шебері әрі қоғам қайраткері Жеңіс Айрат енді.

Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Ерлан Өтеуов кеңестің бұл форматы қоғам қайраткерлеріне профилактикалық жұмыстарға тікелей қатысып, өзекті мәселелерді құқық қорғау органдарына жедел жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Бүгін бір алаңда құқық қорғау және уәкілетті органдар ғана емес, қаланың белсенді тұрғындары мен Астана жастарының өкілдері де бас қосты. Біздің басты мақсатымыз – «Заң мен тәртіп» қағидатын ортақ іске және әрбір елордалықтың өмір салтына айналдыру», – деді ол.

Сондай-ақ ол жастармен, мектеп оқушыларымен және студенттермен жұмыс істейтін қоғам өкілдері өз ұсыныстары мен өзекті ақпараттарды Үйлестіру кеңесінің отырыстарында қарау үшін жедел жолдай алатынын атап өтті.

Іс-шара барысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және құқықтық ағартуға қосқан үлесі үшін бірқатар қоғам қайраткері қала прокуратурасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұдан бөлек, қонақтарға арнайы шығармашылық бағдарлама ұсынылды. Елордалық өнер ұжымдары би және музыкалық қойылымдар көрсетті, жас каратэшілер шеберлік өнерлерін паш етті, ал жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері арнайы дайындық элементтерін көрсетті.

Прокуратура өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халық арасында құқықтық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» аясында балаларға арналған мультфильмдер шыға бастады.