Астанада полиция синтетикалық есірткі өндірісіне тосқауыл қойды
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін жүргізіп, нәтижесінде гараж кооперативінде жалпы салмағы 4 тонна болатын 200 канистрадан тұратын жасырын қойманы анықтады , деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, есірткі таратушылар синтетикалық есірткі құралдары мен психоактивті заттарды жасырын өндіруді ұйымдастыру үшін әртүрлі химиялық прекурсорларды пайдаланады. Сатып алу, сақтау және тасымалдаудың жасырын схемаларын қолдана отырып, қаскүнемдер азаматтардың өмірі мен денсаулығына аса қауіпті «меф» және «жылдамдық» деп аталатын есірткілерді өндіруді жолға қоюға тырысады.
Осылайша, Астанада жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін жүргізген полиция гараж кооперативінде жалпы салмағы 4 тонна болатын 200 канистрадан тұратын жасырын қойманы анықтады.
Онда синтетикалық есірткі дайындауға арналған прекурсорлар болған.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері 16 сәуірдегі ресми статистикалық деректерге сәйкес, заңсыз айналымнан 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Мамандардың бағалауы бойынша, одан шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткі дайындау жоспарланған.
Прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік енгізілді және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция есірткі өндіру мен таратуды ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекет қолданыстағы заңнама аясында міндетті түрде тоқтатылатынын ескертеді.
Бұған дейін есірткіге мас күйінде жүк көлігін басқарған жүргізуші ұсталғанын жазған едік.