Астанада партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды үгіт жұмыстарын жалғастырып жатыр
Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында Астанада саяси партиялардың өңірлік филиалдары сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен, қоғамдық ұйымдармен және тұрғындармен кездесулер өткізіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларындағы басым бағыттарды таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Әділет» партиясы
«Әділет» партиясының Астана қалалық штабы №1 автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, жол қозғалысы қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбек адамдарының құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелері талқыланды. Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтті.
Қазақстан Халық партиясы
Қазақстан Халық партиясының қатысуымен Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің тағдырын анықтауға бағытталған іс-шара өтті. Іс-шара аясында партия мен «Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар іздеу экспедицияларын ұйымдастыру, архивтік зерттеулер жүргізу және тарихи жадыны сақтауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
«Ақ жол» демократиялық партиясы
«Ақ жол» партиясының Астана қалалық филиалы «Taza Zher Capital» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, қалалық ортаны абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар еңбек ұжымы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП)
ЖСДП Астанада «Заманауи білім беру мәселелері» тақырыбында конференция ұйымдастырды. Іс-шара барысында педагог мәртебесін қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді дамыту, ғылымды қаржыландыру, білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына бейімдеу мәселелері талқыланды. Конференцияға партия өкілдері, сарапшылар мен білім саласының мамандары қатысып, ұсыныстар алдағы заңнамалық бастамаларда ескерілетіні айтылды.
«Байтақ» жасылдар партиясы
«Байтақ» партиясының Астана қалалық филиалы «Gaz Energy» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, елдің орнықты дамуы мен экологиялық күн тәртібіне қатысты бастамалар сөз болды. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Respublica партиясы
Respublica партиясының Астана қалалық филиалы ReBus ақпараттық-ағартушылық жобасын ұйымдастырды. Екіқабатты автобуспен өткен іс-шара барысында партия өкілдері елорданың бірнеше қоғамдық кеңістігін аралап, тұрғындармен еркін форматта кездесті. Іс-шара аясында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, жастармен және қала тұрғындарымен пікір алмасу ұйымдастырылды.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы
«Ауыл» партиясының Астана қалалық филиалы «Есіл» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келушілермен кездесу өткізді. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, өңірлерді дамыту, ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар аға буын өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қатысушылармен ашық форматта пікір алмасу ұйымдастырылды.