Астанада Крещение мерекесіне арналған жаппай шомылу өтіп жатыр
18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түні православ христиандары басты діни мерекелердің бірі – Крещение Господне атап өтеді. Осыған байланысты елордада қала тұрғындары мен сенушілердің қатысуымен діни іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Діни іс-шаралар Успен кафедралды соборында (Күйші Дина көшесі, 27), Константин-Елена шіркеуінде (Республика даңғылы, 12) және Серафим Саров ғибадатханасында (Бөгенбай батыр даңғылы, 8) өтіп жатыр.

Жүздеген елорда тұрғыны мен қала қонақтары суға түсу үшін жаппай шомылу орындарына жиналды. Астанада мұндай шомылу орындары Есіл өзенінің сол жағалауында, «Астаналық» саябағы жағалауындағы орталық жағажай маңында арнайы мұз ойықтары жабдықталған.

Суға түсу орындары арнайы іс-шарадан кейін, сағат 20:00-ден бастап 19 қаңтар күні сағат 02:00-ге дейін жұмыс істейді.

Шомылу орындары қауіпсіз баспалдақтармен және қоршаулармен жабдықталған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін аумағы жарықтандырылып, жылыну пунктері ашылған.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жауапты қызмет мекемелерінің өкілдері тәулік бойы кезекшілік етеді. Қауіпсіздікке Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің қызметкерлері тартылған. Сонымен қатар, суға түсу орындарында жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр.

Құтқару бөлімшелері судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды. Қажет болған жағдайда мамандар азаматтарды жылыну пунктеріне орналастырып, медициналық көмек көрсетеді.

Діни іс-шара 19 қаңтар күні сағат 23:00-ге дейін жалғасады.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі «Крещение Господне» христиандық мерекесі қарсаңында азаматтарға дәстүрлі шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы еске салғанын жаздық.