Астанада конкурдан Қазақстан чемпионаты өтеді

Бүгін, 14:49
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада конкурдан Қазақстан чемпионаты өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешені базасында 27-29 наурыз аралығында конкур (кедергілерден өту) бойынша ат спортынан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Республикалық додаға еліміздің үздік шабандоздары мен жүйрік аттары қатысып, ұлттық біріншіліктің жүлделерін сарапқа салады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурдан Қазақстан чемпионаты — ұлттық ат спорты күнтізбесіндегі маңызды жарыстардың бірі. Турнир барысында шабандоз бен аттан құралған үздік спорттық жұптар өз шеберліктерін көрсетіп, әртүрлі деңгейдегі күрделі маршруттарда сынға түседі. Бұл жарыс отандық ат спортының дамуына да серпін береді.

Чемпионат Туризм және спорт министрлігі жанындағы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, РМҚК «РУМАЦ», Ат спорты федерациясы және Kazzinc компаниясының қолдауымен өтеді.

Жарыс Халықаралық ат спорты федерациясы талаптары мен ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып, аттардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты басты назарда болады.

Еске салайық, Астана маңындағы «Арғымақ» ат спорты және ұлттық спорт түрлері клубында 20 наурыз - Ұлттық спорт күніне арналған арнайы көрсетілім өтеді.