Астанада бөтен адамның банк картасымен сауда жасаған күдікті ұсталды
Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері бөтен адамға тиесілі банк картасын заңсыз пайдалану фактісі бойынша күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, күдікті көшеде келе жатып, «Halyk bank» банк картасын тауып алған. Ол иесіне қайтарудың орнына картаны өз қажеттілігіне заңсыз пайдаланып, қала дүкендерінің бірінен сауда жасаған. Осылайша, ол жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды.
Тексеру барысында ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Полиция азаматтарға табылған мүлікті иесіне қайтару немесе құқық қорғау органдарына тапсыру қажеттігін ескертеді. Бөтеннің меншігіне қол сұғу – қылмыс екенін есте сақтау маңызды. Кез келген заңсыз әрекетке барған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі бопсалаудың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатқанын жазған болатынбыз.