Референдум-2026

Астанада балалардың құқықтарын қорғау бойынша 83 іс-шара жүзеге асуда

Бүгін, 13:09
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада балалардың құқықтарын қорғау бойынша 83 іс-шара жүзеге асуда
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астана қаласында бүгінде 540 мыңнан астам бала тұрады. Жыл сайын балалар саны 20 мыңнан астам балаға артып отыр. Осыған байланысты балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасыларды қолдау мәселелері қалалық әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып тұр. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялары қызметі алаңында Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикер балалардың құқықтарын қорғау – басқарманың негізгі басымдығы екенін атап өтті.

«Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өз жұмысын мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады: балалардың негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; құқық бұзушылықтардың алдын алу және ерте анықтау; бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және қорғау; кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын орындау; балалар мен отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру; мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу. Басқарма балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде балалардың қауіпсіздігіне, сапалы білім алуына, денсаулығын сақтауға, отбасында тәрбиеленуіне және әлеуметтік қорғалуына бағытталған 83 іс-шараны қамтитын жоспарды іске асыруда. Балалардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмыстарды тиімді жүргізу мақсатында Басқарма мемлекеттік органдармен, құқық қорғау органдарымен және басқа да мүдделі ұйымдармен тығыз әрі үйлесімді жұмыс жүргізеді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды анықтау кезінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ден қою алгоритмі бекітілген. Осы алгоритм аясында жыл басынан бері 350-ден астам бірлескен шығу ұйымдастырылды», - деді ол.

Қазіргі таңда тәуекел тобындағы балалардың бірыңғай дерекқоры қалыптастырылған.

«Сүйемелдеуді қажет ететін балалар мен отбасылардың дерекқоры қалыптастырылып, оған 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала енгізілді. Бұл санатқа: кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралған балалар, Отбасын қолдау орталығы мен Психологиялық қолдау орталығының сүйемелдеуіндегі балалар, ата-аналары тәрбиелеу, оқыту және асырау міндеттерін орындамайтын отбасылардағы балалар, мобильді топтар анықтаған отбасылардағы балалар, құқықтарының бұзылуына байланысты бұрын баланың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдарда болған балалар, білім беру ұйымдарының педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтерінің бақылауындағы тәуекел тобындағы балалар кіреді. Ведомствоаралық сүйемелдеудің тиімділігін арттыру мақсатында тәуекел тобындағы балалар мен отбасыларды есепке алу және сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылды. Бұл жүйе мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетуге және әрбір отбасыға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Серік Әділбай жасөспірімдер арасындағы қылмыс айтарлықтай төмендегенін айтты.

«Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,4%-ға төмендеді. 2025 жылы 235 жағдай тіркелсе, 2026 жылы 135 жағдай орын алған. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының есебінде 189 кәмелетке толмаған бала тұр. Есепте тұрған 189 баланың әрқайсысына мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері мен депутаттар қатарынан тәлімгерлер (менторлар) бекітілген. Сонымен қатар, ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, жауапкершілік шаралары, құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек алу жолдары туралы ақпаратты қамтитын арнайы «Ата-аналарға арналған білім базасы» әзірленді. Заңмен қайшылыққа түскен балаларды сүйемелдеудің кейс-менеджмент жүйесі енгізілді. Бұл тәсіл әрбір бала бойынша жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ балалардың жарақаттануы мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізілді. 10 мыңнан астам ата-ана түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Тұрғын үйдің қауіпсіздігін тексеруге арналған ата-аналарға арналған чек-парақтар және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ақпараттық жадынамалар дайындалған. Еңбек ұжымдарында балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған бесминуттық түсіндіру жұмыстарын өткізу бастамасы көтерілді. Қауіпсіздік қағидалары бойынша профилактикалық мультипликациялық бейнероликтер дайындалды», - деді ол.

Шұғыл ден қою жұмыстары аясында жыл басынан бері балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайларға байланысты 400-ден астам шұғыл шығу жүзеге асырылды.

«Нәтижесінде 32 бала отбасынан алынып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті ұйымдарға орналастырылған. Осы орайда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең алдымен ата-аналардың міндеті екенін еске саламыз. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мынадай қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ұсынамыз: балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату, балалардың жабдықталмаған жерлерде суға түсуіне жол бермеу, балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу», - деп қорытындылады Серік Әділбай.