Астанада ауыл мектептерінің 10-11(12) сынып оқушылары үшін республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы төртінші, қорытынды кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорытынды кезеңде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша екі тур ұйымдастырылады. Биыл сайысқа еліміздің барлық өңірінен 432 оқушы жолдама алды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – ауыл оқушыларының қабілеттерін ашу, дарынды, білімді балаларды анықтау және олардың интеллектуалдық дамуына жағдай жасау.
Айта кетейік, ауыл оқушыларының интеллектуалды жарыстарға қызығушылығы жыл сайын артып келеді: былтыр бастапқы кезеңге 99 264 оқушы қатысса, биыл бұл көрсеткіш 125 000 оқушыға жеткен.
Олимпиада нәтижесінде қатысушылар санының 45%-ы жеңімпаз және жүлдегер атанады. Олар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сонымен қатар, үздік оқушыларға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарына ректорлық гранттар табысталады.
Бұған дейін Астанада мыңнан астам оқушы халықаралық FEMO олимпиадасына қатысқанын жаздық.