Астанада аялдама шынысын сындырған ер адам 20 күнін қамауда өткізеді

Бүгін, 12:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада аялдама шынысын сындырған ер адам 20 күнін қамауда өткізеді
Фото: видеодан скрин/polisia.kz

Астанада полицейлер автобус аялдамасының павильонына зақым келтірген ер адамды аз уақытта анықтап, ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кенесары көшесінде кешкі уақытта белгісіз азамат автобус аялдамасының шынысын сындырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда алысқа ұзай алмады. Полицейлер жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтап, ұстады.

Анықталғандай, 33 жастағы елорда тұрғыны алкогольдік масаң күйде аялдама павильонының құрылымын «беріктікке сынап көрмек» болған. Бұл әрекеті оның әкімшілік жауапкершілікке тартылуына себеп болды.

«Бөгде мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке қамау жазасы тағайындалды», - делінген ІІМ хабарламасында.

Полиция қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттігін еске салады.

Қала мүлкін бүлдіру барлық азаматтарға және қаланың келбетіне зиян келтіреді. Кез келген құқық бұзушылық пен келтірілген шығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңның маңызын түсіндірген болатын.